Алдағы күндері Мәскеуде Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Қыркүйектің 7-11 аралығында қала тұрғындары мен қонақтары қазақтың бай әдеби-мәдени мұрасымен таныса алады. Бүгін Ресейдің ақпараттық агенттігінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен шығармашылық делегация баспасөз конференциясына қатысып, мерекелік бағдарламамен таныстырды. 5 күн бойы Мәскеу сахнасында отандық балет және опера әртістері мен танымал әншілер өнер көрсетпек. Қазақ операсының аты аңызға айналған әншісі Әлібек Дінішев Абай әндерін шырқайды. Сондай-ақ Салтанат Ахметова, Абылай Тілепбергенов, Данелия Тулешова сынды өнер жұлдыздары да қатысады. Бұдан бөлек көрермен назарына қазақстандық «Алтын тақ» және «Әміре» фильмдері ұсынылмақ. Ал келер жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында Мәскеуде де бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылмақ.
Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
Қазіргі таңда Абайдың 175 жылдық мерейтойына үлкен дайындық жүргізіп жатырмыз. Оның шығармаларын әлемнің 10 тіліне аударуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, ұлы ойшылға арналған фильмдер түсіріледі. Оның ішінде ақынның мерейтойына арналған шаралардың бір легі Мәскеуде де жалғасын табатын болады. Екі ел арасындағы мәдени байланыс осылайша арта бермек.
Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ