Сонымен, елімізде кезектен тыс Президент сайлауы аяқталды. Кеше өткен саяси дода - Қазақстан тарихындағы алтыншы бүкілхалықтық сайлау. Соның ішінде кезектен тыс өткен 4-ші сайлау. Алғаш рет жеті адам мемлекет басшысы лауазымы үшін саяси бәсекеге түсті. Бұған дейінгі рекорд 2005 жылы болған еді, ол кезде Орталық сайлау комиссиясы бес кандидатты тіркеді. Сондай-ақ, биылғы сайлау үміткерлер арасында тікелей эфирде дебаттың өтуімен де ерекшеленді.
Қазақстан президенттігіне үміткерлердің саны жетеу болды. Олар 4 партия, 3 қоғамдық ұйым атынан саяси бәсекеде бақ сынады. Республика бойынша 9968 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сондай-ақ, шетелдегі отандастарымыз да таңдау жасауы үшін әлемнің 51 мемлекетінде 65 учаске болды. Сайлаудың ашық әрі әділ өтуін қарауға әлемнің түкпір-түпкірінен мыңнан аса халықаралық байқаушы келді. Саяси науқанды өткізуге Орталық сайлау комиссиясына бюджеттен 9,4 миллиард теңге бөлінген. Соңғы мәліметке сүйенсек, кезектен тыс Президент сайлауында халықтың 77,4 пайызы дауыс берген.