Асқар Жұмағалиев ХҚКО-дағы қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Асқар Жұмағалиев ХҚКО-дағы қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды

29.07.2019
Асқар Жұмағалиев ХҚКО-дағы қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының жартыжылдық жұмысын қорытындылады. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметі хабарлады. 

Кеңес барысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басшылығы 2019 жылдың алғашқы жартыжылында атқарған жұмыстарының нәтижеcі туралы есеп берді. Сонымен қатар, ХҚКО-да қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша, оның ішінде құжаттарды ресімдеу және күту кезінде бұзушылықтарға жол бермеу шаралары да сөз болды.

Бейнеконференция форматында өткен кеңесте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев кейбір ХҚКО-дағы үдерістерді тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны үшін қызметкерлерге жеке жауапкершілік жүктелетінін айтып өтті. Сонымен қатар, министр қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейту және ұзын-сонар кезектерді болдырмау бойынша шаралар қабылдауды да тапсырды. Асқар Жұмағалиев азаматтарға электрондық үкіметтің Telegram-бот @EgovKzBot (25 қызмет қолжетімді) және mGov мобильдік қосымшасы (77 қызмет қолжетімді) арқылы қызметтерді алуды үйретудің маңыздылығын бас айтып өтті. Осымен бірге, аталған қосымшалар арқылы қазақстандықтарға қолжетімді қызметтердің санын одан әрі арттыру қажеттілігі де сөз болды.

«Жергілікті жерлердегі ХҚКО басшыларының міндеті - біріншіден, көрсетілетін қызметті, құжатты күту уақытын барынша азайту және күту залдарын азаматтар үшін жайлы ету; екіншіден,  халыққа сапалы қызмет көрсету бойынша құзыреттілігі мен дайындығын арттыруға персоналды ынталандыру; үшіншіден, қызметкер ХҚКО-ға келушіні одан әрі қандай да бір қызметті онлайн, яғни өз бетінше алуға үйретуі тиіс. Мен шағымдар мен ескертулер бойынша ақпаратты тұрақты түрде алып отырамын және барлық өзгерістердің динамикасын жеке бақылайтын боламын», - деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Кеңес барысында келушілер мен қызметкерлердің жайлылығы үшін ХҚКО-ларды жиһазбен, қажетті ұйымдастыру техникасымен жарақтандыруға, температуралық режимді сақтауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеу мәселелеріне ерекше назар аудару тапсырылды.

Кеңес қорытындысы бойынша министр мемкорпорация басшылығына салғырттық танытып, жұмыстарына тиісті деңгейде атқармай отырған аймақтық құрылымдық бөлімшелердің жекелеген басшыларына сөгіс жариялауды ұсынды.
 

Хабарламаларға жазылу