Қостанайда «Түркі әлемі» халықаралық фестивалі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда «Түркі әлемі» халықаралық фестивалі өтіп жатыр

29.08.2019

Қостанайда «Түркі әлемі» халықаралық  фестивалі өтіп жатыр.  Өнер додасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберіндегі «Түркі әлемінің генезисі» жобасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған. Мәдени шараның басты мақсаты – түбі бір туыс халықтардың өзара рухани байланысын нығайту.

Башқұртша қурай, қазақша сыбызғыны сыңсытып тұрған Башқұртстан Республикасының халық әртісі Рамил Гайзуллин. Өнер майталманы түркі жұртына ортақ көне аспаппен қазақ халқының әуендерін де орындайды.

Рамил Гайзуллин, Башқұртстан Республикасының халық әртісі:

 Біз бір-біріміздің музыка құралдармызды, жырларымызды музыкамызды үйренеміз. Елімізге өзімізбен апарып, сонда ойнаймыз, үйретеміз.

Қостанайдағы фестивальға Алматы қаласы мен  Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан республикасынан  өнер ұжымдары келді.  Сахнада тек ұлттық нақыштағы туындылар орындалды.  Туыс  жұрттың рухани дүниесі де бір-біріне етене жақын. Қазақ оркестрі башқұрттың я болмаса қырғыздың,  ал өзбек оркестрі қазақтың күйін шертіп, биін билеуі осыны көрсетті.   

Ерлан Қалмақов,  Облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

Осы фестиваль аясында түркі халықтарының музыкалық мұрасын, рухани қазынасын насихаттаймыз. Олардың музыкалық аспаптарын таныстырамыз. Және елдіктің қазығын қағамыз.

Бақыт Тілегенов, Бішкек қалалық ұлт аспаптар симфониялық оркестрінің дирижері  /Қырғызстан/:

Қытайға, Жапонияға, Америкаға барсақ бізге аудармашы қажет. Мында адамзатқа ортақ музыка тілі. Бірақ дүниеде бір біріне жақын екі халық бар. Ол қазақ пен қырғыз. Біздің тіліміз, дініміз бір. 

Фестиваль аясында шеберлік кластары да  өткізіледі. Мұнда өнерпаздар музыкалық аспаптарды орындау шеберлігі бойынша тәжірибе алмасады. Тобыл төрінде түркі мәдениетін тоғыстырған іс –шара  гала-концертпен аяқталады

Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу