29.04.2018 – «Жүрсіннің жүйріктері». Серікзат Дүйсенғазин мен Аспанбек Шұғатаевтың айтысы (9-бөлім) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

29.04.2018 – «Жүрсіннің жүйріктері». Серікзат Дүйсенғазин мен Аспанбек Шұғатаевтың айтысы (9-бөлім)

29.04.2018

Бүгін Ұлттық арна эфирінде «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс жобасының тоғызыншы бөлімі өтті. Кезекті жұп ретінде шығысқазақстандық Серікзат Дүйсенғазин мен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев шықты. Ақындар бірінші бөлімде «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбында сөз жарыстырды. Қазылар алқасы екі ақынның да айтысын жоғары бағалап, айтыскерлерге 40 ұпайдан берді. Алғашқы бөлімге қатысты ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев «Менің ойымша, ауылдың өмірін аша алмадыңдар. Тиіп қашып, бірдеңе айттыңдар. Аспанбек, ағаңды бір-екі рет «сен» деп кеттің, үлкенге «сен» деп айтпайды. «Сіз» деп сөйлесең де жарасар еді», деген сын айтты.  

Ал, екінші кезеңде айтыскерлер «Головкин» және «Альварес» болып айтысты. Бұл бөлімде де ақындар тең түсті. Нәтижесінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерманның шешімі бойынша келесі айналымға Серікзат Дүйсенғазин өтті.

Айта кетейік,  «Жүрсіннің жүйріктері» жобасында ақындардың өнеріне баға беретін қазылар алқасының мүшелері - ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Халық әртісі Асанәлі Әшімов, профессор Намазалы Омаш, ҚР Халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Жоба Ұлттық арнада әр апта жексенбі күні сағат 23:00-де көрсетіледі.

Хабарламаларға жазылу