Астанадан жер алғысы келетіндердің 80 пайызы жергілікті тұрғындар емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанадан жер алғысы келетіндердің 80 пайызы жергілікті тұрғындар емес

24.05.2016
Астанадан жер алғысы келетіндердің 80 пайызы жергілікті тұрғындар емес

Елордадан жер учаскесін алуға өтініш бергендердің саны бүгінде 103 мыңнан асқан, оның 80 пайызы астаналықтар емес. Бұл туралы бүгін қала әкімдігінде жер мәселесіне қатысты өткен брифингте Астана қалалық жерді қорғау, пайдалануды бақылау және жер қатынастары басқармасының басшысы Төлеуғазы Нұркенов мәлімдеді.

«Ата Заңымыздың арнайы бабына сәйкес, Қазақстанның кез-келген азаматы өзі қалаған өңірден 10 сотық жер алуға құқылы дегенімізбен, Астана аумағынан жер алуға өтініш бергендердің 80 пайызы республиканың өзге аймақтарында тұратын азаматтар», - деді Т.Нұркенов.

Басқарма басшысы түсіндіргендей, әкімдік қызметкерлері кез-келген уақытта азаматтардан жер алу туралы өтінішті қабылдауға міндетті болғанымен, жер беру мәселесіне қатысты өзге мәліметтерді беру олардың құзыретіне кірмейтін көрінеді.

Айта кетейік, кейбір ақпаратты дұрыс түсінбегендіктен Сарыарқа ауданы әкімдігінде кешеден бері қарақұрым халық жиналып, түрлі алыпқашпа әңгіме тараған болатын.

«Біз заң бойынша азаматтардан өтініш қабылдаудан бас тарта алмаймыз. Алайда, жердің қашан және қаланың қай маңынан берілетінін білмейміз. Себебі, жер беруге мораторий жарияланған», - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, елордада соңғы рет  2007 жылы 1 100 жер телімі үлестірілген болса, оның басым бөлігі Ұлы Отан соғысы мен оған теңестірілген және заң аясында тиісті жеңілдікке ие ардагерлерге берілген.

Хабарламаларға жазылу