1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбында қорғаған диссертациясы мен «Абай шығармаларының текстологиясы» сияқты көптеген еңбектері ақын мұрасын зерттеуге қосылған сүбелі дүниелер еді. Алайда, ғалым кеңестік дәуірде ғылыми көзқарасы үшін қуғынға ұшырап, өмірінің біраз бөлігін Карлагта өткізеді.
«Сол кезде Абайдың шәкірттерін байлардың ұрпағы, әкемізді буржуазиялық ұлтшыл деп айыптады. Алаш мұрасымен сусындап өскен ғалым сонда да Абай мұраларынан бас тартпады. Абай үшін, оның ұшан-теңіз мұрасы үшін күресе білді. Бұл оның рухының асқақтығы мен батылдығы еді», дейді ғалымның қызы Дина Мұхамедхан.
Абайдың Қара сөздерінің түпнұсқасын бүгінге жеткізген де Қайым Мұхамедханов. Ұлы ақынның зираты мен қыстауының орнын қалпына келтіруге, 150 жылдық тойының өтуіне де зор ықпал етті.
Таяуда зерттеушінің хаттары мен оған жолданған хаттар топтастырылған «Хаттар сөйлейді» кітабы оқырман қолына тиді. 1940 жылдардан бергі уақытты қамтыған 200-ге жуық жазба - тарих үшін аса құнды. Кітап қазақ және орыс тілдерінде басылған.
Абайтанушы ғалымның өзге де еңбектері туралы толығырақ «Таңшолпаннан» біліңіз.