Басты Жаңалықтар Алматыда «Focus Aksengir» логистикалық паркі пайдалануға берілді

Алматыда «Focus Aksengir» логистикалық паркі пайдалануға берілді

Алматы облысында «Focus Aksengir» /Фокус Ақсеңгір/ логистикалық паркі ашылды.  Жобаға құйылған инвестиция көлемі – 70 миллиард теңге. Ірі логистикалық хаб өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.

Логистикалық орталық Ozon компаниясымен келісім шарт негізінде салынған. Мұнда аумағы 64 мың шаршы метр болатын қойма іске қосылды. Ал  жыл соңына дейін тағы 26 мың шаршы метр қойма пайдалануға берілмек.

Марат Сұлтанғазиев, облыс әкімі:

«Облыс дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Қазірдің өзінде Еуразиялық көлік жүйесінің маңызды торабына айналып отыр. Жобаның өңірлік экономиканы дамытуда маңызы зор. Біз бұл орталықты жаңа мүмкіндіктер шоғырланатын бизнес хаб ретінде көреміз. Мұнда мемлекет үшін, инвесторлар мен жергілікті кәсіпкерлер үшін де тиімді».

Жоба толық іске қосылған соң, 4 500 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, өңір қазынасына жыл сайын 5 миллиард теңгеден астам салық түседі деп жоспарланып отыр. ГРАФИКА: Логистикалық парк БАКАД автожолы, «Аксеңгір теміржол станциясы»,  Қытай, Ресей мен Орталық Азияға апаратын негізгі халықаралық көлік бағыттарымен тікелей тоғысады. КСМ: Келешекте 300 мың шаршы метр аумақта жоғары санатты қоймалар мен контейнерлік терминал салынбақ.

Жолдас Сәдуақасов, «Focus Logistics» ЖШС бөлім басшысы:

«Біздің логистикалық паркке тауарлар теміржолмен де келеді, автожолмен де келеді. Бүгінгі күнде 12 мың орын бар. Егер керек болып жатса тағы 12 мың қосылады, 24 мың болады. Әр шаршы метр камераның бақылауында. Камераның түсірген таспасы 64 тәулік сақталады. Кейінгі планымыз бар, 120 күнге сақтау мерзімін көбейтуге».

Сонымен қатар, BAZIS компаниясы 50 мың шаршы метрлік көтерме-тағам тарату орталығын салуға ниетті. Сарапшылар бұл қадамды елдің көлік-логистикалық әлеуетін нығайтудағы маңызды бастама деп бағалап отыр.

Бөлісу