Астанада еңбек көші-қоны, үй қызметкерлерінің еңбек нарығындағы жағдайы мен құқықтары талқыланды. Кездесуге ҚР «Қызыл Ай» қоғамы, ҚР Кәсіподақтар федерациясы, «БҰҰ-Әйелдер», Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, Ұлттық экономика министрлігі, Ішкі істер министрлігі, үкіметтік емес және халықаралық ұйым өкілдері қатысты.
Шараның мақсаты – ҚР «Қызыл Ай» қоғамымен бірге, Орталық Азиядағы (Қазақстан) «БҰҰ-Әйелдер» Көпжақты құрылым бөлімінің бастамасымен «Еңбек және көші-қон туралы ұлттық заңнамалар: Қазақстандағы үй қызметкерлерінің құқықтарын тиімді шешу» Жобасын жүзеге асыру.
Кездесуде жұмыс берушілер мен үй қызметкерлеріне құқықтық ақпарат беру, жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің өкілдеріне тренингтер өткізу, үй қызметкерлерлері мен мигранттардың құқығын қорғауда ұсыныстар әзірлеу және олардың жағдайын жақсарту сияқты көптеген мәселелер айтылды.
Сонымен қатар, кеңесте тәуелсіз сарапшы, заң ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің халықаралық құқық кафедрасының доценті Сәния Сәрсенова Қазақстандағы мигрант-үй қызметкерлерін тиімді қорғау бойынша ұсыныстарымен таныстырды. Олар Ұлттық заңнаманың және үй қызметкерлері мен жеке жұмыспен қамту агенттіктерінің мәртебесін реттеудің халықаралық конвенциялық механизмі негіздерінде әзірленген.