Бір айда 106 мыңнан астам іс-шара: «Әділет» партиясы үгіт-насихат науқанын қорытындылады
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебайдың төрағалығымен сайлауалды штабтардың қорытынды отырысы өтті. Жиында үгіт-насихат науқанының нәтижелері талқыланып, сайлаушылардың ұсыныс-тілектері негізінде сайлауалды міндеттемелерді орындаудың алдағы бағыттары айқындалды.
Отырысқа Құрылтай депутаттары, партияның өңірлік филиалдарының басшылары мен белсенділері қатысты.
Айбек Дәдебай науқан барысында ауқымды жұмыс атқарған партияластарға алғыс айтып, биылғы жылдың еліміз үшін тарихи маңызға ие болғанын атап өтті. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен мемлекеттік басқару жүйесі мен қоғамдық өмірді қамтитын реформалар жалғасып жатыр. Биылғы маңызды саяси оқиғалардың бірі – азаматтардың кең қолдауына ие болған жаңа Конституцияның қабылдануы.
Партия төрағасы Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерге де тоқталды. Олардың қатарында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды жаңғырту, өңірлердің әлеуетін арттыру және цифрлық технологияларды дамыту бар.
«Бұл – елдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған, баршамызға ортақ жауапкершілік жүктейтін міндеттер. Осы оң өзгерістердің Тәуелсіздігіміздің 35 жылдық тұғырлы белесімен тұспа-тұс келуінің де үлкен елдік символы бар. Осы жылдар аралығында халықтың бірлігі мен ынтымағы ел дамуының өзегіне айналды. Бүгінде Тәуелсіз, Әділетті, Қуатты Қазақстанды бірге құрудамыз», – деді партия төрағасы.
Айбек Дәдебай алдағы мәслихат сайлауы конституциялық реформалар мен саяси жаңғырудың маңызды кезеңі болатынын айтты. Оның сөзінше, Мемлекет басшысы тұрғындардың мүддесін білдіретін және өңірлердің дамуына тікелей ықпал ететін мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейтуге ерекше мән беріп отыр.
Үгіт-насихат науқаны 5,6 млн адамды қамтыды
Партия төрағасының орынбасары Асхат Оралов сайлауалды үгіт-насихат науқанының қорытындысын таныстырды.
«Әділет» партиясы барлық деңгейдегі мәслихат сайлауына партиялық тізімдер мен бірмандатты сайлау округтері бойынша 3 817 кандидат ұсынған. Бір ай ішінде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 5 мыңнан астам ұсыныс-тілек келіп түскен.
«Бір ай бойы еліміздің барлық өңірінде 6,5 мың адамды ортақ мақсат төңірегінде топтастырған 246 сайлауалды штаб жұмыс істеді. Осы уақыт аралығында кандидаттарымыз бен партия белсенділері жалпы саны 5,6 млн адамды қамтыған 106 мыңнан астам үгіт-насихат іс-шарасын өткізді. Науқан жұмысына 9200 сенімді өкіл тартылды. Ал дауыс беру күні сайлау учаскелерінде 22 мыңнан астам байқаушы жұмыс істейді», – деді Асхат Оралов.
Сонымен қатар Президент Жолдауын түсіндіру мақсатында еліміздің барлық өңірінде 28 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, шамамен 1 млн адам қамтылған.
Құрылтайдағы «Әділет» фракциясының 32 депутаты ел өңірлерін аралады. Партияның 3 562 бастауыш ұйымында тұрғындармен кездесулер өткізілді. Ал «Bir Tolqynda» жастар диалог алаңдарына мыңдаған жас қатысты.
Өңір тұрғындарының ұсыныстары қаралды
Жиында Қарағанды, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарындағы партия филиалдарының төрағалары сайлауалды науқан барысында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Шығыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы Жанат Мекеева тұрғындардан түскен өтініштер алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындауға мүмкіндік бергенін жеткізді.
«Осы уақыт аралығында облыс тұрғындарының 660-тан астам өтінішін жинадық. Олар ең өзекті мәселелерді айқындап, алдағы жұмысымыздың басым бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді», – деді Жанат Мекеева.
Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Имаммахмұт Шағырбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесіне тоқталды.
«Атқарып жатқан жұмысымыздың нақты нәтиже беруі – біз үшін аса маңызды. Ең алдымен, бұл – облысты дамыту және тұрғындарымыздың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселелерді шешу», – деді ол.
Сайлауалды бағдарламаны іске асыру үшін 303 іс-шара жоспарланған
Айбек Дәдебай сайлау науқаны аяқталғаннан кейін де тұрғындармен жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Партия төрағасының айтуынша, алдағы басты міндет – сайлауалды уәделерді кезең-кезеңімен орындау.
«Біз Құрылтай және мәслихат сайлаулары кезінде халық алдында нақты міндеттерді алып, сайлау алды уәделерімізді жарияладық. Ендігі басты міндетіміз — сол уәделердің барлығын кезең-кезеңімен орындап, нақты нәтижеге қол жеткізу. Өйткені халықтың бізге білдірген сенімі — үлкен жауапкершілік. Сондықтан сайлау науқанымен шектеліп қалмай, бұдан да белсенді түрде сайлаушылармен байланысты жалғастырып, күшейтіп, бәріміз бірлесіп, тұрғындар көтерген мәселелерді нақты шешімдерге ұластырамыз», – деді Айбек Дәдебай.
Сондай-ақ партия төрағасы жақында Мемлекет басшысымен өткен кездесу қорытындысы бойынша жүктелген міндеттерге тоқталды. Кездесуде Президент қабылданған заңдардың тиімділігіне, олардың орындалуын бақылауға және сайлауалды міндеттемелерді іске асыруға ерекше назар аударған.
Сессия басталғалы бері Құрылтай 19 заң қабылдаған, тағы 37 заң жобасы қаралып жатыр. Сонымен қатар 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет қабылданды.
Партия Үкіметпен бірлесіп, 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жол картасының жобасын әзірлеген. Құжатта 303 нақты іс-шара көзделген.
Құрылтай мен мәслихат депутаттарының өзара байланысы күшейтіледі
Айбек Дәдебай партияның өңірлік филиалдарына әкімдіктермен бірлесіп, сайлауалды бағдарламалардағы міндеттемелерді өңірлерді дамыту бағдарламаларына енгізуді тапсырды.
Бұл бағытта Құрылтай мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылына басымдық беріледі. Осы мақсатта Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды.
«Өңірлерде көтерілген өзекті мәселелер Құрылтай мінберіне жетіп, қажет болған жағдайда заңнамалық тұрғыдан шешімін табады. Ал қабылданған заңдар мен мемлекеттік бастамалардың жергілікті жерлерде тиімді жүзеге асырылуына мәслихат депутаттары да белсенді атсалысуы қажет. Осылайша, орталық пен өңірлердің арасындағы байланысты сапалы түрде күшейтіп, халықтың талап-тілегін тез әрі нақты іске айналдыратын тиімді жүйені қалыптастырамыз», – деп түйіндеді Айбек Дәдебай.
Отырыс соңында партия төрағасы сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауды және тыныштық күні басталған сәттен бастап үгіт-насихат жұмыстарын толық тоқтатуды тапсырды.
Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы 29 қарашада өтеді.
Читайте также
Все