Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің отырысы өтті
Астанада Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің Құрылтайшылар кеңесінің отырысы өтті. Халықаралық жиынға әлемнің 50-ден астам елінің мамандары қатысты. Басқосуда допингке қарсы кодекс талаптарының орындалуы, таза спортты қорғау жүйесін жетілдіру және ғылыми зерттеулерді дамыту мәселелері талқыланды. Агенттік президенті Витольд Баньканың айтуынша, қазір әлемде кәмелетке толмаған спортшылардың тыйым салынған препараттарды жиі қолдануы және допингті жасыру әдістерінің жетілуі өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан ол спортшыларды жазалаумен шектелмей, олқылықтың алдын алуға және түсіндіру жұмыстарын күшейтуге басымдық беру қажет дейді. Айта кетейік, Қазақстан мен Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік биыл өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойған еді. Құжат құқық бұзушылықтардың алдын алып, ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
Жас спортшылар арасында допингке қарсы көзқарасты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Астанадағы кездесулер осы бағыттағы ортақ жұмысымызға жаңа серпін береді деп сенемін. Біздің ортақ мақсатымыз – спортшыларымыздың құқығын қорғау, баршаға тең жағдай жасау және спортқа деген сенімді сақтау.
Оливер Неггли, WADA бас директоры:
Қазақстанның допингке қарсы ұйымымен ұзақ жылдар бойы байланыс орнатып келеміз. Менің ойымша, сіздерде бұл бағыттағы бағдарлама жақсы жолға қойылған әрі тәуелсіз жұмыс істейді. Қазір басқа мемлекеттердегідей Қазақстанда да стандартты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Осы уақытқа дейін бұл елде бізді қатты алаңдататын мәселелер тіркелмеді.
Читайте также
Все