«Таяу отыз жылда жер жүзінде азық-түлік тұтыну мөлшері екі есе артатынын ескерсек, XXI ғасыр қатерлері аясында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды болмақ және бұған дайын болған жөн. Бұл проблеманы еңсеру үшін барлық мемлекеттердің бірлескен күш-жігері қажет болады», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы «Агробизнес-2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқылы, сондай-ақ, өңдеу секторына жетекші трансұлттық компанияларды тарту жөнінде міндет қоя отырып, аграрлық сектордың әлеуетін кеңейту үшін мақсатты жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев өнімділік қарқынын екі еселеу үшін аграрлық сектор саласындағы ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді мемлекет ынталандырып отырғанына назар аударды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан: Мүмкіндіктер елі» деп аталған павильонда өңірлердің биологиялық әралуандығы, олардың аграрлық және өндірістік дәстүрлері, сондай-ақ, енгізіліп жатқан озық технологиялары мен жоғары экологиялық стандарттары туралы ақпарат ұсынылғанын атап өтті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев баршаны Астанада өтетін алдағы көрмеге шақырды және ЭКСПО-2015 көрмесінің табысты өтуіне тілектестік білдірді.