Мемлекет басшысы: Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өтті (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы: Астанадағы «ЭКСПО-2017» көрмесі жоғары деңгейде әрі табысты өтті (ВИДЕО)

10.09.2017

Елбасы Н.Назарбаев «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесінің жабылу салтанатында сөйлеген сөзінде осылай деді.

«Астанадағы «ЭКСПО-2017»  көрмесінің жоғары деңгейде әрі табысты өткенін зор мақтанышпен айтқым келеді. Бұл - Тәуелсіз Қазақстанның абыройын асқақтатқан айрықша жетістіктердің бірі болды.

Елорда 3 ай бойы 115 ел мен 22 халықаралық ұйымның басын қосқан «ЭКСПО» шағын қалашығына айналды. Бұл көрме Қазақстанның әлемге танымалдылығы мен  туристер үшін танымдығын арттырды. Елімізге келген мәртебелі меймандарға халқымыздың қонақжайлылығын көрсете алдық. Біз болашақтың энергиясына қатысты бүкіл әлемнің тәжірибесін өз жерімізде тоғыстырдық.

«ЭКСПО-2017»  көрмесін 4 миллионға жуық адам аралап көрді. Баршаның назарын аударған әсем қалашыққа күн сайын 40-50 мыңдаған адам келіп тұрды. Көрмені 180 мемлекеттен жарты миллион адам тамашалады. Яғни, әрбір алтыншы қонақ шетелдік екенін атап өткім келеді. «ЭКСПО»-ның ең танымал орталығы Қазақстанның павильоны «Нұр Әлем» болды. Көрме басталғаннан бері бұл павильонға 1 миллион 300 мың адам кіріп шықты. Дүниежүзі көз тіккен «ЭКСПО» беделімізді биіктетіп, рухымызды көтерді», - деді Мемлекет басшысы.

Хабарламаларға жазылу