Алдымен, Ұлттық арнаның жаңалықтар бөлімінде қызмет ететін диктор Гүлзия Сейітованың жұмысын білсек.
Күніне бес рет тікелей эфирге шығатын жаңалықтар бөлімі қызметкері: «Маған тікелей эфирде жұмыс істеу аса қиын емес. Мұның бәрі тәжірибеге байланысты, деп білемін. Біздің міндетке тек дайын ақпаратты экран алдында оқып беру ғана емес, сонымен қатар, эфирге бермес бұрын мәтінді өңдеу де кіреді. Кейде ақпаратты өзіміз жазамыз»,-дейді.
Ал, қазақтың үні болған Қазақ радиосының қызметкері Мұхамедияр Рашай: «Жұмыс күнін таңғы сағат 07:00-ден бастаймыз. Сағат 09:00-ге дейін екі сағат аясында тікелей толқында қызмет етеміз. Одан кейін концерттік-диджейлік жұмысымыз басталады»,-дейді.
Ұлттық арнадағы «Журналистік зерттеу» хабарының тілшісі Нұрбек Бекбау да қызметінің ерекшелігімен бөлісті. «Эфирден бөлек уақыттарда материал іздеумен айналысамыз. Өз басым журналист әрі блогер болғандықтан, әлеуметтік желілерден тақырып іздейтінім бар»,-дейді ол.
Сондай-ақ, «KAZsport» телеарнасының комментаторы Ермұхамед Мәулен, «Балапан» телеарнасының кішкентай жүргізушісі Ақгүл Жарылқасынның пікірін «Таңшолпаннан» біле аласыздар.