Басты Жаңалықтар Қарағанды облысында жаңа құтқару бөлімшесі іске қосылды

Қарағанды облысында жаңа құтқару бөлімшесі іске қосылды

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында жаңа құтқару бөлімшесі іске қосылды. Енді қызметкерлер өрт сөндірумен қатар апаттық-құтқару, төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын да атқарады. Сонымен бірге Қарқаралы ұлттық паркінің аумағында өртті анықтайтын спутниктік мұнаралар орнатылып жатыр.

Қарқаралы қаласындағы ескі өрт сөндіру ғимараты 50 жыл бұрын салынған. Тозығы жеткен бөлімшенің орнына жаңасы ашылып, толықтай заманауи техникалармен жабдықталды. Мұнда жаттығу залы, психологиялық кабинет, демалыс бөлмесі және асхана бар. Техника, құрал-жабдықтың барлығы жаңа.

Алмас Ыбыраев, Қарқаралы ауданы ТЖБ бастығы:

Өрт сөндіру техникалары, одан бөлек құтқару жасағының техникалары, квадроциклдар, қайықтар - барлығы жаңартылып, жаңа стандарттарға сай техникалар қойылды. Штат саны бізде өрт сөндіру бөлімінде 23 адам, жаңадан ашылған қатқару қызметінде бізде қазір 11 адам. Оның ішінде бізде скалолаздар да, водолаздар да бар.

Биыл аудан бойынша 39 рет өрт шығып, орманда адасқан 30 адам құтқарылды. Енді мұндай оқыс жағдайларға бұрынғыдан да жылдам әрекет етуге мүмкіндік бар. Ал Қарқаралы ұлттық табиғи паркінің аумағына 18 мұнара қойылады. Олардың басына 30 шақырым төңіректі бақылап, 360 градуста жұмыс істейтін бейне-бақылау камералары орнатыған. Соның арқасында өрт шыққан аумақты жедел анықтауға болады.

Руслан Төлепбаев, Қарқаралы мемлекеттік Ұлттық табиғи паркінің директоры:

Қазіргі таңда осы 18-дің сегізі бой көтерді. Осы мұнара 24 сағат бойы, тәулік бойы орманды бақылап тұрады. Түтін шыққан жерді, өрт шыққан жерді нақты белгілеп, нақты координаттарын қай квартал, қай жерде болғанын белгілеп беруге мүмкіндік береді.


Бөлісу