Ән дарыған далада шыңға айналған Астанам,
Төбесінде жарқырап, күн байланған Астанам!
Жұлдыздары жамырап, ай кетпейтін Астанам,
Қыс та қиып кете алмай, жай көктейтін Астанам...
Ақтарылып ауасы, ағылатын Астанам,
Ертегімсің сен менің шынға айналған Астанам!
Көкті сүйген көркімен таңдандырған Астанам,
Көңілінде көргеннің ән қалдырған Астанам.
Еркелеген Есілдің ағасындай Астанам,
Азаттықтың ақжолтай баласындай Астанам.
Көзін ашып, тұрғанша күн бесіктен, Астанам,
Бір жеңе алмай жарығын, түн кешіккен Астанам...
Мен қайтер ем түс болып, өң болмасаң, Астанам?!
Мен қайтер ем жаһанда сен болмасаң, Астанам?...
Ғалым Жайлыбай - Астанада, Ақпанда...
Белім шықпай жатқанда бесікте мен,
Керуен соққан кездерден көшіпті өлең.
Астанада
Ақпанда,
Ақ боранда
Әппақ-әппақ түстерді кешіп келем.
Ақпан әні,
Астана,
көшең де кең,
Ақ бораны – әппақ нұр десем бе екен?
Ел қондырған Есілдің жағасына
Есіл де есіл,
есіл жұрт есен бе екен?
Барысқа да ұмтылар бақанды алып,
Қазақ деген – нар халық,
атан халық.
Ұтылмаса жарады,
жұтылмаса –
жалмауыздың аузында жаһанданып.
Тиер жерге мың тиіп мына маңдай,
Сыңар арман сыңсиды сыналанбай.
Құйқылжытқым келіп тұр қыстың әнін,
Құстың әнін жырлаған Тұмағамдай.
Үмітіңнің үрлетіп үр шырайын,
Нұр сұрайын саған кеп, жыршы қайың.
Айтулы ағам Айтұлы секілденіп,
«Бәйтеректің» басына бір шығайын.
Айдындардай жағама кеме қашқан,
Ортаймайын...
Көлімде көне-дастан.
Қара өлеңнің қазанын қайнатайын,
«Қараөткелде ақын жоқ менен асқан».
Қара өлеңнің қазаны қайнағасын,
Астананың әз жұртын айналасың.
Ақпан киіп кірер ем
Ақордаға,
Онда мені күтеді, қай нағашым!...
Есіл жұртта тосайын арысымды,
Есілге әкеп қосайын ағысымды.
Ақ дүниеге сыйлайды –
ақын бақыт,
Жақындатып кетейін алысыңды.
Қосын қонғым келеді...
қосұдай жыр,
Тоңған шығар жолымды тосып АЙ-НҰР.
Астанада,
Ақпанда,
Ақ боранда,
Өлеңдетіп қояйын осылай бір...
Қалқаман Сарин - Астана
Астанам! Ару қалам, асқақ ордам,
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған.
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым,
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.
Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған,
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам.
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман…
Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа.
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана.
Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады.
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.
Ертеңің ұлтын сүйген ұлыңа сын,
Қашан да еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі,
Сезініп бостандықтың шұғыласын!
Сан ғасыр армандаған Алаш бабам,
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам.
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!
ФОТО: aviasales.kz