30 мамырда «Астана Опера» театрында М.И.Глинканың екі шығармасының тұсаукесері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

30 мамырда «Астана Опера» театрында М.И.Глинканың екі шығармасының тұсаукесері өтеді

30.05.2015
30 мамырда «Астана Опера» театрында М.И.Глинканың екі шығармасының тұсаукесері өтеді

Фортепиано мен ішекті квинтетке арналған үлкен секстет ми-бемоль мажор және В.Беллинидің «Сомнамбула» операсының әуеніне қойылған тамаша дивертисмент қазақстандық көрерменнің назарына алғаш рет ұсынылмақ.

Композицияларды орындайтын «Астана Опера» симфониялық оркестрінің музыканттары – Валерий Моисеенко, Кирилл Красюков (скрипкалар), Игорь Белобородов (альт), Фахриддин Құсниддинов (виолончель), Анатолий Якушкин (контрабас), сондай-ақ концерттің авторы, театр концертмейстері Долорес Үмбетәлиева.

Өзі тенор болып, ән салғанды жаны сүйген М.И. Глинканың романстары – орыстың камералық-вокалдық лирикасының маржандары. А. Пушкиннің өлеңіне жазылған «Сол бір ғажап сәт есімде», Е. Баратынскийдің өлеңіне жазылған «Бекерге мені еліктірме», В. Жуковскийдің өлеңіне жазылған «Байғұс әнші», «Сенімен бірге болған тәтті сәттер», «Бозторғай», «Венеция түні» және басқа да белгілі романстары операның жетекші солисті, халықаралық конкурстардың лауреаты, ҚР Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысы қоры сыйлығының лауреаты Мейір Бәйнешовтің орындауында шырқалады.

Романстар рояльмен қатар, ішекті квинтеттің де музыкалық сүйемелдеуімен орындалып, шығармаларды бұрынғыдан бетер әсем етіп, оларға жаңа рең бермек.

 

Фото: astanaopera.kz

Хабарламаларға жазылу