«Астана Опера» театрында Дж. Вердидің «Травиата» операсының тұсаукесері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрында Дж. Вердидің «Травиата» операсының тұсаукесері өтеді

16.10.2014
«Астана Опера» театрында Дж. Вердидің «Травиата» операсының тұсаукесері өтеді

 «Астана Опера» театрында 22, 23, 24 қазанда Хеннинг Брокхауздың қойылымындағы «Айналар травиатасы» операсының тұсаукесері өтеді.

«Сахнаны әртүрлі қырынан көрсетуге мүмкіндік беретін орасан зор айна қоюшының адам сенгісіз қиялының бір бөлігі ғана. Спектакльдің концепциясы «Травиатаны» әдетте көріп жүрген таза мелодрамадай емес, Дж. Вердидің бастапқыда ойластырғанындай етіп қабылдауға жетелейді», - деп хабарлайды «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрынан.

Спектакльдің интернационалдық құрамын жасақтайтын атақты опера әншілері сахнаға 22 және 24 қазанда шығады. Виолетта - Екатерина Баканова (Ресей), Альфре - Винченцо Костанцо (Италия), Жорж Жермон - Симон Пиаззола (Италия).

Тұсаукесердің екінші күнінде, 23 қазанда «Травиатаны» «Астана Опера» театрының жетекші солистері шырқайды. Барлық әртістер кастингтен өтіп, білікті қазылар алқасы олардың ең үздігін таңдады. Осылайша, Виолеттаны Әлфия Кәрімова, Альфредті Медет Шотабаев орындайды, Жорж Жермон - Талғат Мұсабаев. Үш күн бойы дирижерлік тізгінде шақыртылған дирижер, маэстро Франческо Иван Киампа (Италия) болады.

Айта кетейік, «Травиата» - Дж. Вердидің ең үздік және әйгілі операсы. Александр Дюманың «Камелия ұстанған ханым» романының желісімен жазылған. Опера алғаш рет 1853 жылы 6 наурызда «Ла Фениче» театрында қойылған. Либреттосының авторы - Франческо Мария Пьяве.

Хабарламаларға жазылу