«Астана Опера» театрында биыл «Абай» операсының тұсаукесері өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана Опера» театрында биыл «Абай» операсының тұсаукесері өтеді

19.07.2015
«Астана Опера» театрында биыл «Абай» операсының тұсаукесері өтеді

Операның жаңа қойылымын Қазақстан мен Италияның біріккен шығармашылық ұжымы дайындаған. Қоюшы дирижер –  ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, композитор А. Жұбановтың шөбересі Алан Бөрібаев, қоюшы режиссер – итальяндық Джанкарло дель Монако, режиссердің кеңесшісі – ҚР Халық әртісі, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің кавалері, профессор Есмұхан Обаев.

Операның көркемдік безендірілуін итальяндық шеберлер жасамақ. Олар – астаналық көрермендерге «Ұйқыдағы ару», «Аққу көлі», «Ромео мен Джульетта» және «Бақшасарай бұрқағы» секілді туындылар арқылы танылған белгілі сценографы – Эцио Фриджерио және костюмдер бойынша суретші Франке Скуарчапино.

Абай – ұлттың рухани ұстазы болған әйгілі ақын, ағартушы, философ. А. Жұбанов пен Л. Хамидидің операсында осы биік әрі көп қырлы тұлғаның қасірет тереңдігі мен асқақ ойларының өрісі ашылмақ. «Абай – қазақ халқы үшін маңызы зор тұлға. Аса көрнекті қоғамдық-саяси және мәдени қайраткер. Ол әрқашан келешекке тура қарап, халқымен мәңгі бірге болды» – дейді операның қоюшы режиссері Джанкарло дель Монако.

Хабарламаларға жазылу