28 сәуір мен 3 мамыр аралығында Қытайдың Хонжу қаласында өткен дүбірлі анимациялық фильмдер фестивалінен оңтүстікқазақстандық «САҚ» киностудиясы түсірген «Қошқар мен теке» анимациялық фильмі «Отансүйгіштікке тәрбиелеу» және «Ұлттық ерекшелік» атты екі бірдей аталым бойынша жеңімпаз атанды, деп жазады ҚазАқпарат.
Аталған фестивальге 45 елден 800-ден аса студия қатысқан.
«Осыдан бір жарым ай бұрын киностудиямызға Қытайдың шығысында орналасқан Хонжу қаласынан анимациялық фестиваль өтеді деген хабар келді. Қытайда мыңдаған анимациялық студия жыл сайын бірнеше мың туынды шығаратынын талай сапарларымызда көзімізбен көргенбіз. Сол себепті құлшына қоймадық. Бірақ ұсыныс келген соң бағымызды сынауға бел байладық», - дейді анимациялық картинаның продюсері әрі сценарий авторы Бақытжан Құлжабай.
Айта кетейік, фестиваль соңында Оңтүстік Қазақстан облысының «САҚ» студиясы Гонконг қаласының беделді кинокомпаниясымен бірігіп жұмыс істеу туралы ресми меморандумға қол қойған.