Басты Жаңалықтар БҚО-да күрежолдың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады

БҚО-да күрежолдың құрылысы жыл соңына дейін аяқталады

Батыс Қазақстан облысында «Подстепное - Федоровка - РФ шекарасы» республикалық тасжолы қайта жаңартылып жатыр. Екі жыл бұрын басталған жоба жыл соңына дейін тапсырылуы керек. Аймақ басшысы құрылыс басына барып, кестеден кешіккен мердігерлерге ескерту жасады.

Бір тармағы Қарашығанақ кен орнымен байланысатын әрі транзиттік маңызға ие күрежолда қос мердігер жұмыс істеп жатыр. Жаңарту деген аты ғана. Ескі жол табанына дейін түгел қазылып, орнына жаңа топырақ салынады. Ең ауыр әрі уақыт алатын жұмыс та осы жер еңбегі. Одан соң құм, қиыршықтас, қатқыл табанды бірнеге жабын төселеді. «Приоритет» жұмысшылары өздеріне тиесілі 36 шақырымның 15-ін асфальттап үлгерген.

Данияр Шахиров, «Приоритет» жол құрылысы компаниясының жоба жетекшісі:

Жер жұмыстары жүріп жатыр. 21 шақырымы дайын 36 шақырымның. 9,6 ірі түйіршікті асфальтты бетон және ШМА қиыршықтас мастикалық асфальт дайын.

Екінші учаске «Адал арна» кәсіпорнында жұмыс сәл баяу жүріп жатыр. Толассыз жауынның кесірінен кестеден кешікті дейді жол сапасын қадағалаушы мамандар. Жалпы ұзындығы 144 шақырым болатын тасжол төрт учаскеге бөлінген. Былтыр 72 шақырым болатын екі учаскесі тапсырылды. Жол бойындағы 4 көпір мен су өткізгіш құбырлар, мал айдайтын өткелдер құрылысы қарқынды.

Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:

Біздің мақсатымыз - тек жолды салып қою емес, оның сапасы өте жақсы болуы керек. Себебі, мемлекеттен бөлініп жатқан қаражат аз емес. Осы учаскеге біз қазір 48 млрд теңге бөліп отырмыз. Жолдың өзін айтамыз, оның жанында екі обочинасы бар. Оны да жобаға сәйкес дұрыс жасалуына жаңа қатаң ескертілді.

Ресейдің Орынбор облысымен ынтымақтастық байланысты нығайтатын тасжол қарашаға дейін тапсырылуы керек. Қаражат ҚПО б.в компаниясының  әлеуметтік жобалары аясында бөлініп отыр.

Бөлісу