ӘЧ: Топтық кезеңнің екінші айналымы аяқталды
Роналду қатарынан 6 Әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы атанды. Кеше Португалия Өзбекстан құрамасын 5:0 есебімен жеңіп, турнирдегі жағдайын түзеді. Ал, Харри Кейн бастаған англиялықтар Ганамен тең тарқасты. Тухель шәкірттерінің сылбыр ойнауына не себеп? Өткен ойындарға әріптесім Нұрсұлтан Тілектес шолу жасайды.
Өзбекстан құрамасының жанкүйерлері кеше күллі әлемді өзіне қаратты. Португалия мен болатын матч алдында стадионға атпен келіп, футбол тойының көркін аша түсті. Бірақ, футболшыларға бұл көмектеспеді.
Өткен матчта Конгомен тең ойнап, кеудесін ашу-ыза кернеген Роналду кездесудің 6 минутында-ақ қарсылас қақпасын нысанаға алды. Осылайша Португалия капитаны қатарынан 6 әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы атанды. Тарихи рекорд иесі, матч барысында тағы көзге түсіп, ойын 5:0 есебімен аяқталды. Бұған дейін Колумбияға есе жіберген өзбек ағайындарға бұл матч ауыр соққы болды.
Ал, жуырда бапкері ауысып, турнирге жанкүйерлерінің таудай талабын арқалай келген англиялықтар Гананы жеңе алмады. Тұманды альбионның футболшылары қанша тырысса да, африкалықтардың қақпасынан саңылау таба алмады. Сол күйі есеп ашылмай, ойын 0:0 есебімен аяқталды. Гана ерледі деді кейбіреулер. Ал, Англияның сылбыр ойынының себебін біреулер бапкерге сілтесе, енді бірі ганалық сиқыршыны айыптады. Ол Англия құрамасының жұлдызы Харри Кейнді дуалады деген алып-қашпай әңгіме тарап жатыр.
Хорватия мен Панама ойыны шытырмансыз, бір қалыпты өтті. Командалар бір-бірін барлап, асқан сақтықпен ойнады. Көрермен күткен гол екінші таймның 54 минутында соғылды. Гол авторы Анте Будимир.
Бұған дейін Өзбекстанды 3:1 есебімен түзе бүктірген колумбиялықтар бұл жолы Конгодан басым түсті. Португалия құрамасымен тең ойнаған Эмерс Фаенің шәкірттері қақпасына енген голдың қарымтасын қайтара алмады.
Сонымен топтық кезеңнің екінші айналымы аяқталды. Әзірге Германия, Мексика, АҚШ, Аргентина, Франция мен Норвегия және Колумбия келесі кезеңге жолдама алды. Ал, қалған құрамалардың тағдыры үшінші айналымда шешіледі. Айта кету керек плей-оффқа тек өз топтарында бірінші және екінші орын алғандар шығады. Сондай-ақ үшінші орын алған командалардың ішінен ойынымен ерекшеленген тағы 8 құрама келесі кезеңге жолдама алды.
Топтың кезеңнің үшінші айналымы бүгін басталады. Астана уақытымен 22:00-де Швейцария мен Канада құрамалары кездеседі. Ал 0:00-де Қатар мен Босния және Герцеговина мықтыны анықтайды. Түнгі үште Бразилия мен Шотландияның ойыны жоспарланған. Матчтарды Ұлттық арна мен «Qazsport» тікелей эфирден көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы