Басты Жаңалықтар Өңірдегі стратегиялық нысандар - Үкімет назарында

Өңірдегі стратегиялық нысандар - Үкімет назарында

Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны бүгінде халықаралық консорциум аясында жұмыс істеп келеді. Ал, Орал теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Батыс Қазақстан облысына барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандарында болды. Оған мұнай-газ кен орнының қуаттылығын одан әрі кеңейтуге бағытталған инвестициялық жобалар таныстырылды. Өндіріс орны метан шығарындыларын азайтуға және биоәртүрлілікті сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді.

Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:

5 миллиард текше метр газды өндіру жоспарлануда. Бұл батыс өңірлерді, Батыс Қазақстан облысының тұрғындарын толыққанды тауарлы газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы Қарашығанақ кен орнының қазіргі мердігері Қазақгаз компаниясы толыққанды көмек берген соң жобаны бастау жоспарлануда.

Бұдан бөлек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Жайық жылу қуат» кәсіпорнында болды. Орал қаласын жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін нысан жөндеуден өтті. Нәтижесінде, жылу электр орталығының тозу деңгейі 60%-ға төмендеді. Ал, Орал теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары 95%-ға орындалды. Стратегиялық нысанда заманауи күту залдары жасақталып, жаңартылған ақпараттық және навигациялық жүйелер іске қосылды. Вокзалдан перронға бұрынғыдай жертөле арқылы емес, тікелей шығу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Бұдан бөлек Шыңғырлау ауданында теміржол вокзалы жаңадан салынып, Бөрлі, Тасқала аудандарындағы 2 бекетті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Елімізде бірінші рет 124 вокзал қайта жаңғыртудан өтіп жатыр. Оның ішінде біразы жаңадан салынып жатыр. Біздің тарапымыздан қазір барынша қолдау жасап жатырмыз. Негізінен үшеуін 1-ші шілдеге дейін ашсаңыздар дұрыс. Ал, енді үлкен облыс орталығындағы вокзалды 1-тамызға дейін міндетті түрде ашу керек.


Бөлісу