Шымкентте инвестициялық жобаларды қолдау күшейтіледі
Шымкентте инвестициялық жобаларды қолдау мәселелеріне арналған форум өтті. Жиында инвесторлардың құқығын қорғау, бизнесті дамыту және әкімшілік кедергілерді жою тетіктері талқыланды.
Ақмөлдір Жақсыбаева тұрмыстық химия заттарын өндіреді. Кәсіпкер өнімін ірі сауда желілеріне шығаруды көздейді. Бизнесті дамыту кезінде кесе көлденең шығатын мәселелерді шешу үшін ол форумда сала мамандарының көмегіне жүгінді.
Ақмөлдір Жақсыбаева, кәсіпкер:
Прокуратура өкілдері үлкен супермаркеттер желісіне кіруге көмегін тигіземіз деп уәде беріп отыр. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасаймыз.
Жыл басынан бері прокурорлар инвесторлардың 450-ден астам мәселесін шешкен. Мамандардың айтуынша, кәсіпкерлер көбіне жер рәсімдеу және инфрақұрылымға қатысты қиындықтарға тап болады.
Бақытбек Амалдықов, қала прокурорының аға көмекшісі:
Көп жағдайларда жер мәселесіне қатысты инвесторлар сұрақ қояды. Шымкент қаласында 5 индустриялық, 1 арнайы экономикалық аймақ бар. Ол жерден мемлекеттік преференция тәртібінде әлеуетті инвесторға жер учаскесі беріледі.
Форумда Шымкенттің инвестициялық әлеуеті жоғары екені айтылды. Бүгінде 158 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Бұл 30 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Бауыржан Бердалиев, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Әр кәсіпкерге яғни инвесторға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни прокурорлық сүзгі бағдарламасы бар. Жобалар тоқтап қалмас үшін, оларды ертерек іске қосу бойынша бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз.
Жиын соңында мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған үшжақты меморандумға қол қойды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы