Бұл – 1930 жылдардағы Қазақстан тарихын бейнелейтін драма. «Жерұйық» – жұттан кейін басқа түскен қиын заманға қарамастан, шын көңілімен ілтипат көрсетіп, қайғысына ортақ болғаны үшін қазақстандық корей, неміс, түрік, шешен, күрт және басқа да этностардың осы қасиетті жерге, қазақ халқына деген алғысы ретінде түсірілген фильм.
Фильмнің сюжеті қасіретті жылдардың ауыр жағдайында ізгілік пен адамгершілікті алға қойған қазақ халқының достығын насихаттайды. Қазақтың қанына сіңген қонақжайлылықты дәріптеген көркем фильмнен Сталин заманындағы өзге ұлттарды қазақ жеріне қоныстандыру саясатының құрбандарын және олардың кешкен ауыр да, азапқа толы тұрмыстарын көруге болады.
Режиссер Сламбек Тәуекелдің фильмінде басты рөлдерді Болат Әбділманов, Нәзгүл Қарабалина, Сергей Петров сомдайды. Фильмді бүгін сағат 21:55-те көріңіз.