Сидхарт Шукхла: «Келін» Үндістандағы үздік телехикаялардың бірі (ФОТО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сидхарт Шукхла: «Келін» Үндістандағы үздік телехикаялардың бірі (ФОТО)

02.03.2015
Сидхарт Шукхла:  «Келін» Үндістандағы үздік телехикаялардың бірі (ФОТО)

Бүгін Астанадағы «Қазмедиа орталығында» «Қара шаңырақ», «Келін» телехикаяларының басты кейіпкерлері Азамат Сатыбалды, Әділ Ахметов, Дәурен Серғазин және Сидхарт Шукхламен кездесу өтті.

Басқосуға  «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ләззат Олжабайқызы және «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының директоры Ілияс Башарұлы қатысты.

Алдымен сөз алған Ләззат Олжабайқызы: «Ұлттық арна эфирінен көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» және «Келін» телехикаялары - отбасылық құндылықтарды насихаттайтын туындылар. Бүгінде шетелдік туындылардан  телеарнамызда тек «Келін» телехикаясы ғана көрсетілуде. Біз отандық өнімдерді барынша қолдауға күш салып жатырмыз»,-деді.

«Келін» телехикаясына тоқталған Сидхарт: «Келін» Үндістанда да танымал және үздік телехикаялардың бірі деуге болады. Жұртты қызықтыратыны - телехикаяның соңы қалай бітеді. Мен айтар едім, жоғары рейтинг беретін телехикаяның соңын не үшін күтесіздер?»,-дейді.

«Қазақстанның киноиндустриясы туралы көп біле бермеймін. Бірақ,  сіздердің елге келгелі бері қазақтың актерлерімен таныстым. Байқағаным, олар халық арасында өте танымал, халық оларды жақсы көреді»,-дейді актер.

Театр мен киноның қайсысын таңдар едіңіз деген сауалға актер Азамат Сатыбалды: «Бұл - бөліп-жарып қарауға болмайтын сұрақ. Актерлер киноға да түсіп, театрдан да шет қалмауы керек. Себебі, театр - актерліктің  іргетасы.  Біз - театр актерлеріміз, қызметімізді де сол жерден бастадық. Кино - маусымдық қана. Ал, егер бұл аралықта театрға бармай қойсаң, қарайып қаласың. Актер үнемі жұмыс істеуі қажет. Актердің танылуы үшін, театрда ойнау жеткіліксіз. Сүйікті актерін кино арқылы таныған көрермен театрға да келетін болады», - дейді. 

Хабарламаларға жазылу