«Жапон көктемі» халықаралық өнер фестивалі аясында, 3 наурызда «Астана Опера» театрының камералық залында «Көктемді күткен Чио-Чио-сан» атты өнер майталмандарының концерті өтеді, деп хабарлады astanaopera.kz сайты.
«Дегдар» гуманитарлық қоры бес жылдан бері жылына екі рет жапон мәдениетінің маусымы – «Жапон көктемі» мен «Жапон күзі» фестивалін өткізіп келеді. Концерттер Астана мен Алматыда болады. Онда күншығыс елі мен Қазақстанның дәстүрлі музыка, классика, джаздың атақты жұлдыздары қатысады.
Концертте жапондық, қазақстандық авторлардың шығармалары, сондай-ақ, әлемдік классика жауһарлары орындалады.
Фестивальдің мақсаты – көрерменді жапон мен қазақ музыкаларының озық үлгісімен таныстыру, біздің халықпен мәдени ұқсастықтар іздеу, екі ел арасындағы шығармашылық байланысты арттыру.