Бүгін - «Елдің ерлігі» көрерменге жол тартады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - «Елдің ерлігі» көрерменге жол тартады

02.02.2015
Бүгін - «Елдің ерлігі» көрерменге жол тартады

II Дүниежүзілік соғыста жеңісті жақындатқан жайт – майдандағы сарбаздардың көзсіз ерліктері ғана емес, тыл еңбеккерлері мен қарапайы халықтың ерен еңбегі. Қабырғасы қатпаған балалар мен еңкейген қартқа дейін тылда күні-түні тынбай еңбек етті. Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан еңбек ардагерлері Қазақстан да жетерлік.

Бүгін Ұлттық арнадан 20.00-де «Елдің ерлігі» атты деректі фильмдер топтамасы көрерменге жол тартады. Деректі фильмдер циклі 7 желіден тұрады.  Фильм соғыста өшпес ерлігімен тарихта қалған қазақстандық жауынгерлерге арналған.

Деректі фильмдер желісі сонымен қатар, Рейхстагқа ту тіккен қазақ Рақымжан Қошқарбаев, шабуылды бөгеген Сұлтан Баймағамбетов, отқа оранған ұшағын жау эшелонына бағыттаған Бақтыораз Бейсекбаев пен Нұркен Əбдіровтер, Кеңес одағының Батыры атанған қазақ қызыдары Əлия Молдағұлова мен Мəншүк Мəметова сынды қазақтың батыр ұл-қыздарының ерлігі туралы баяндалады.

Сондай-ақ,  бұл қатарда Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақеділова секілді қыз-келіншектер де бар. 500 қазақ жауынгері мен офицері Кеңес одағының батыры атанды.

Жүзден астамы «Даңқ» орденінің толық кавалері атағына ие болды. Екі мəрте Кеңес одағының батыры атанған 4 жауынгердің бірі – Талғат Бигелдиновті де айтпай кетуге болмайды.

Деректі желінің əр бөлімі 1941-1945 жылдардағы соғыс батырлары, тылдағы жұмыс, Жамбылдың əйгілі «Ленинградтық өрендерім» жəне Ленинград блокадасы туралы сыр шертеді.

Деректі фильмнің 1-бөлімін бүгін сағат 20.00-де «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан  көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу