Басты Жаңалықтар Елімізде қандай салаларда маман тапшы?

Елімізде қандай салаларда маман тапшы?

«Жұмыс жоқ» деген жауаптың мүлдем жоғалмайтыны белгілі. Қандай мамандар керек және кәсіптік білім беретін оқу ордаларының материалдық-техникалық базасы мен теорияның сапасы. Бұл – мәселенің бірінші қабаты. Екіншісі: бөлініп жатқан қыруар қаржының желініп кетпеуі. Кәсіптік-техникалық білім саласына жұмсалатын ақша 424 млрд теңгені құрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі А. Ертаевтың баяндамасын тыңдасақ, бос орындардың жартысынан астамы жұмысшы мамандықтар. Оқу-ағарту министрі Ж. Сүлейменованың есебі де сол мағынада: мысалы, өнеркәсіпке 183 мың, құрылысқа 102 мың, ауыл шаруашылығына 73 мың маман қажет, алайда ол салаларға керек мамандықтарға оқып жатқандар әлдеқайда аз.

Әңгіме кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі мен сондай колледждерді бітірген түлектердің жұмысқа орналасуы туралы. Бұл – жалғыз олар емес, әрине, бірақ жұмысшы мамандықтары туралы айтсақ, Еңбек және Оқу-ағарту министрлері жауап беретін сала. Осы аптадағы Үкімет отырысында премьер-министр О. Бектенов «Жұмыс жоқ» деген сөз айтылмауы керек деді.

Ырғыз ауданында 15 мыңға жуық адам тұрады. 300-ге тарта шаруа қожалығы бар. Тек сонда еңбек ететін мамандар.

Еркін Жүсіпов, ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ырғыз аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:

Ветеринар мамандар қажет. Жер болғасын, жермен де айналысып, жылыжайлар салу, агрономия мамандары да керек енді. Механиктер де керек. Сонымен бірге мал басын асылдандыру керек. Асылдандыруға зоотехниктер керек. Мал баққаннан кейін мал басын асылдандыру керек.

Бірақ бұл тек Ырғыз ауданының ғана мәселесі емес.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Бүгінгі таңда өнеркәсіпке 183 мың, құрылысқа 102 мың, ауыл шаруашылығына 73 мың, ІТ саласына 12 мың маман қажет.

Ал сұраныс пен ұсыныстың арасы алшақ.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

Құрылыс саласында 102 мың маманға қажеттілік бар. Ал бұл бағытта бүгінгі таңда 22 мың студент білім алуда. Ауыл шаруашылығында 73 мың маманға қажеттілік бар. Білім алушы студенттер саны 12 мың азаматты құрайды.

Кәсіптік-техникалық білімге бөлінетін қаражат соңғы үш жылда 34 пайызға өсіп, 424 миллиард теңге болған. Ол ақшаның жетер жеріне жетуі өз алдына бөлек әңгіме. Ашық дереккөздегі ақпарат бойынша соңғы 3 жылда 7 колледж директоры немесе бухгалтеріне қатысты іс қозғалған. Жалпы елдегі колледждерде білім алатын студенттер саны да үш жылда 556 мыңға дейін өскен. Сан жақсы. Сапа ше?

Айдос Жұманазар, білім сарапшысы:

Колледждердің имиджіне үлкен нұқсан келтірілді. «Оқи алмасаң, онда колледжге кете бер» деген сөзбен колледждерге адамдар жіберілді. Көп студент алдық деген сөз өте сапалы кадр дайындап жатырмыз дегенді де білдірмейді.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратынша, 2025 жылғы 169 мың колледж түлегінің 102 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, 60 пайызы. Оқу-ағарту министрлігінің ресми дерегінде мемлекеттік тапсырыспен оқыған түлектердің шамамен жартысы ғана алған мамандығы бойынша еңбек ететіні жазылған.

Айдос Жұманазар, білім сарапшысы:

Өндіріс орны мен колледж болсын, универ болсын, екеуінің арасында интеграция үшін көпір ретінде Үкімет араласуы керек. Өндіріс орындары колледждермен жұмыс істеуге аса бір құлық танытып отырған жоқ.

2025–2026 оқу жылында колледж студенттерінің 73 пайызы 9-сыныптан кейін кәсіптік білім алуға келгендер. Демек, дені еңбек нарығына ертерек шығатын жастар. Сондықтан олардың алған білімі бірнеше жылдан кейін де жарамды болуы керек.

Айдос Жұманазар, білім сарапшысы:

Оқытылатын ақпараттар 3–4 жыл бұрын жазылған болса, олар қазір енді оқытылып жатырған болса, ол оны оқып бітіргеннен кейін қолданатын болса, сонда арада бір 7–8 жыл уақыт кетіп қалады. Ал 7–8 жылда үйренген нәрсесі ол актуалды емес.

Еңбек ресурстарын дамыту орталығының болжамынша, болашақта мына мамандықтарды жасанды интеллект меңгеріп, адам керек болмай қалады. Олар: мәтін өңдеушілер мен терушілер, деректерді енгізу қызметкерлері, корректорлар, стенографистер, байланыс орталығының операторлары, бақылаушы-инспекторлар, банкоматтар мен автоматтардан қолма-қол ақша жинаушылар, курьерлер, инкассатор көлігінің жүргізушілері.

Руслан Тілеубаев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директоры:

Ең бірінші кезектегі мәселе – жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың уақытының бір-біріне сәйкес келмеуі және территориялық бір-біріне сәйкес келмеуі деп ойлаймын. Бір өңірлерде белгілі бір мамандық түрлеріне сұраныс жоғары болуы мүмкін, кейбір өңірлерде ол мамандықтар бойынша ұсыныс жоғары болуы мүмкін.

Бұл еңбек нарығында әр өңірдің экономикасына қарай қалыптасатын өзіндік кадр қажеттілігі барын көрсетеді. Демек, маман даярлауда бұл да ескеретін фактор. Әрі «сол маманды шақыратын жұмыс орындары да сақадай сай ма?» деген сұрақ бар.

Руслан Тілеубаев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директоры:

Сапалы жұмыс орындары деген ұғым енгізілген. Бұл жұмыстың тұрақтылығы, еңбекақысының медиандық жалақыдан жоғары болуы және қауіпсіз еңбек жағдайлары. Бүгінгі күні біздің еңбек нарығында сапалы жұмыс орындарының саны 2,8 миллионға жуық. Яғни, барлық жұмыс орындарының 30 пайызы сапалы жұмыс орындарының критерийіне сәйкес келеді.

Жалпы маманды оқытудан бөлек, оған қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру да өте өзекті мәселе.

Руслан Тілеубаев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ департамент директоры:

Көршілес мемлекеттерде, жалпы дамыған еуропалық алпауыт мемлекеттерде, экономикасы дамыған мемлекеттерде бұл елдерде халық санының азаюы, халқының орташа жасының ұлғаюы секілді тенденциялар байқалады. Бұл мемлекеттердің еңбек нарықтарында жұмыс күшіне сұраныс көбейеді. Бұл факторлар біздің мемлекетімізден шетелге жұмысқа кетуге әсер етуі мүмкін. Бұл үшін біздің мемлекетімізде сол мемлекеттермен барабар жұмыс жағдайын қалыптастыру керек.

Енді қандай мамандықтар жетіспейтінін анықтап, мамандарды кәсіпорындарға бағыттап отыру үшін Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығы ашылады. Ол жыл соңына дейін жұмысын бастауы керек. Өйткені еңбек нарығын болжай алмаған ел маманды да дәл даярлай алмайды. Негізгі әңгіме – жұмысшы мамандықтары болғасын, көріністі елестетсек: кәсіптік-техникалық оқу орындары бар, бос жұмыс орындары да бар, бірақ жұмыс таба алмай жүргендер де аз емес. Әңгіме осы теңсіздіктің көзін құрту…


Бөлісу