Бүгін – «Қазақ» газеті жарық көрген күн - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін – «Қазақ» газеті жарық көрген күн

02.02.2015
Бүгін – «Қазақ» газеті жарық көрген күн

«Қазақ» газеті 1913-1918 жылдары халықтың «қазақтың көзі, құлағы һәм тілі» болды. Оның бас редакторы – Ахмет Байтұрсынұлы еді. Сонымен қатар, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров және т.б. ұлт зиялыларының жазбалары басылым бетінде жарияланып тұрды.

Ұлттық демократиялық бағыттағы басылымның мақсаты – Алаш баласының сауатын ашу, жоғын жоқтау еді. Бұл туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезов былай дейді: «Қазақ» газеті ел дертінің себебін ұғып, емін біліп, күшін бір жерге жинап, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан іске қарай аяқ басамыз деп талап қыла бастаған уақытқа тура келді. Бұл тұтынған жолда «Қазақ» газеті өз міндетін дөп атқарды».

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді: «Газеттің «Қазақ» аталуына да мән беру керек.  Газеттің бетінде рудың, жүздің немесе бір аймақтың мәселесі көтерілген жоқ. Ол жерде жалпы қазақ қоғамының мәселесі көтерілді. «Қазақ» - ұлттық мәселені көтерген газет»,-дейді.

Алғаш жарық көрген күннен бастап «Қазақ» газеті – Алаш жұртының қоғамдық-саяси және мәдени өміріне бес жыл бойы қызмет етті. 

Хабарламаларға жазылу