Осы жылдың алғашқы тоқсанында Павлодар облысы орталығындағы қоғамдық көліктердің тарифтері өседі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Болат Бақауов облыс әкімдігінде өткен брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Қоғамдық көліктегі жолақыны өсіру мәселесі өткен жылы көтерілген. Жуырда тарифтерді көтеру ұсынысы тағы айтылды. Тасымалдаушылардың өтініші – көлік тасымалын 70 теңгеге дейін көтеру. Сол себепті жолақы үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында көтеріледі деп күтілуде. Тариф мөлшері өскен жағдайда бюджеттен берілетін субсидиялық көмек тоқтатылады», - деді шаһар басшысы.
Болат Жұмабекұлы қоғамдық көлік жолақысын көтеруге бірқатар фактор әсер етуде екенін жеткізді. Солардың қатарында көліктердің қосалқы бөліктері бағасының шарықтауы, элекр энергиясының қымбаттауы бар.
«Қазіргі таңда қалалық мәслихат депутаттары аталмыш мәселені қарастыру үстінде. Әзірге түпкілікті шешім қабылданған жоқ», - деді Б. Бақауов.