Басты Жаңалықтар Қос палаталы Парламент: 3,5 мыңға жуық заң қабылданды

Қос палаталы Парламент: 3,5 мыңға жуық заң қабылданды

Сонымен жаңа Конституция күшіне енді. Міне, бесінші күн өмір сүріп жатырмыз. Шілденің бірінде Президент елді құттықтады. Бүкіл саяси жүйе, азаматтық қоғамның жаңғыру кезеңі басталды деді. 15 наурыздағы референдум «тарихымызда алтын әріппен жазылады» деп сипаттады.
«Бұдан былай Конституция күні «Наурызнама» онкүндігімен қатар аталып өтеді. Мұның символдық мәні зор. Конституция күні ел ішінде ғасырлар бойы орныққан көктемгі жаңару дәстүрлерін Ата заңның басты қағидаттарымен тоғыстырады, яғни азаматтарымыздың ырысты ынтымаққа, озық білімге, ел игілігі жолында адал еңбек етуге деген талпынысымен үндеседі», – деп бейнеледі.
«...Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік пен Өрлеу, Тазалық пен Табиғатты аялау сынды жасампаздық құндылықтарын қоғамда берік орнықтырамыз. ...Баршаға бірдей мүмкіндік беретін және барлық азаматтың жан-жақты дамуына жол ашатын мемлекетті – Әділетті Қазақстанды құрамыз! Қастерлі Отанымызды көркейту жолындағы жоспарларымызды ойдағыдай орындаймыз. Мен бұған кәміл сенемін! Қазақстан Республикасы жасай берсін! Халқымыз мәңгі жасасын!» – деп аяқтаған.
Ал маусымның отызында қос палаталы парламент соңғы отырысына жиналды. Қос палаталы парламент форматы жойылды. Жаңа Конституция бойынша бір палаталы парламент – Құрылтай іске кіріседі. Ол туралы шамалыдан соң айтамыз.
Мәжіліс пен Сенаттың депутаттары кабинеттерінен жеке затын алып, мандаттарын бірауыздан тапсырып, бір-біріне ырақмет айтып, фотоға түсердің алдында болған соңғы отырысқа Қ. Тоқаев қатысып, парламенттің жолына шолу жасап, мұратымызға тоқталды.

Бөлісу