13-қаңтар - М.Әуезов театрының туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

13-қаңтар - М.Әуезов театрының туған күні

08.01.2015
13-қаңтар - М.Әуезов театрының туған күні

1925 жылдың соңында сол кездегі астана Қызылорда қаласында ашылған өнер ордасы - қазақ тарихындағы тұңғыш ұлттық мәдени-сахналық мекеме.

Өнер ордасының шымылдығы  ресми түрде 1926 жылдың 10-қаңтарында Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина» қойылымымен ашылды.  Осы жылдың 13 қаңтарында М.Әуезовтің  «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылды.

Ұлт театры туралы келелі ұсыныстар жасап,  даму жолын,  шығармашылық келбетін айқындаған  қайраткер - Смағұл Сәдуақасов, алғашқы директоры әрі көркемдік жетекшісі - Дінмұхамед Әділов.

1929 жылы  театр труппасы  жаңа астана Алматыға қоныс аударды.

1930 жылдардың бірінші жартысында сахнаға Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Шара Жиенқұлова,  Шәкен Айманов, Сәбира Майқанова, Хабиба Елебекова сынды әртістердің  келуі күрделі драмалық шығармаларды сахналауға жол ашты.

1937 жылы өнер ордасына академиялық театр атағы берілді.

Театр репертуары М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров,  Ғ.Мүсірепов, С.Мұқановтардың тарихи тақырыптағы туындыларымен, орыс және шетел классикасымен толықты.

Театрға 1961 жылы көрнекті жазушы-драматург М.Әуезов есімі берілді.

Қазір театрды Еркін Жуасбек басқарып отыр.

Бүгінге дейін театр әртістері гастрольдік сапармен Иран, Франция, Египет, Корея, Түркия елдерінде өнер көрсетті. Түркі елдері театрларының «Туғанлық», сондай-ақ, Қазақстан мен Орталық Азия театрларының халықаралық фестивальдарына қатысты. 

Ғасырға жуық тарихында бірнеше буынға рухани азық берген қарашаңырақ 1995 жылдан бері жыл сайын «Театр көктемі» фестивалін өткізіп келеді.

Сонымен қатар, 2015 жылдың 1 наурызына дейін жас драматургтердің  «Замандас келбеті», жаңа режиссерлік жобалардың  «Ашық сахна» және шығармашылық топтар үшін  республикалық «Жаңа көзқарас» атты бірлескен жобалар байқауын жариялады.

Хабарламаларға жазылу