Бүгін және ертең Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы, драматург Рақымжан Отарбаевтың «Нашақорлық жайлы новелла» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Көлеңкесіз жолаушы» спектаклінің премьерасы өтеді. Осыған орай жазушы бүгін «Таңшолпанда» қонақта болып, сұхбат берді.
«Бұл 10-11 жыл бұрын жазылған дүние. Қазақ, қырғыз театрларында әлі жүріп жатыр. Ал, Қызылорда театрында 10 жыл бойы үздіксіз қойылып келеді. Бұл тақырыптың бүгінде нағыз күйіп тұрған кезі. Біз Кеңес одағы кезінде нашақорлық жоқ, деп келдік қой. Бақсақ, бар екен.
Білдіртпей ғана өрбіп, қоғамға жайылып жатқан дерт екен. Ал, әлемде өршіп кеткен зауал. Осыған қалай тоқтам қоюға болады? Жастарды қалай бұдан арашалаймыз? Осы мәселені сахнадан көрсетіп, жастардың санасына сәуле түсірсе, деген оймен жазылған дүние»,-дейді жазушы.
«Пьеса желісі – Жалқытай деген (Жалғас) бір үйдің жалғызы, бір отбасының айналасында ғана өрбиді. Жалқытайдың осы дертке араласуы сахнада көрініс табады».
«Қызылорда жұртының жасаған бір игілікті ісі әлі жадымда. Осыдан 10 жыл бұрын бұл туынды сахналаған кезде облыс әкімі Нұрғисаев арнайы көрді де, бұл пьесаны 8 сыныптан жоғары сынып оқушыларына ата-аналдарын қатыстыра отырып, бірге көруі керек және жоғару оқу орындарының студенттеріне көрсетіп, СПИД мамандары қатысып, үлкен бір пікір-таласқа айналдыру керек деді.
Содан бұл тек Қызылорда қаласында емес, барлық аудан, ауылдарды аралып үлкен пікір туғызған дүние болды. Енді Астанадағы бұл театр да осындай бір үлкен шара қолданса, жастардың салауатты өмір салтын сақтануға бетбұрыс жасары анық»,-дейді жазушы.
Сұхбаттық толық нұсқасы – «Таңшолпанда».