Астанада «WorldPressPhoto-2014» көрмесі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада «WorldPressPhoto-2014» көрмесі ашылады

08.12.2014
Астанада «WorldPressPhoto-2014» көрмесі ашылады

10 желтоқсан күні «Астана» Ұлттық картиналар галереясында адам құқықтарының Халықаралық күніне арналған «WorldPressPhoto-2014» көрмесі ашылады. 

Көшпелі бірегей экспозицияға фотожурналистиканың дүниежүзіндегі ең беделді «WorldPressPhoto» конкурсы жеңімпаздарының 140-қа жуық жұмысы ұсынылған. Қазақстандықтар көрмені Астанада 10-17 желтоқсан аралығында және Алматыда 21-31 желтоқсан аралығында тамашалай алады.

«WorldPressPhoto» – бұл негізінен осы кәсіптің стандарттарын айқындайтын, фотожурналистиканың жыл сайынғы ең беделді халықаралық байқауы. Жыл сайын БАҚ-тың кәсіби фотографтары мен фоторедакторларынан тұратын халықаралық тәуелсіз жюри әлемнің түкпір-түкпірінен фотожурналистермен, агенттіктермен, газеттер және журналдармен ұсынылған үміткерлердің жұмыстарын тоғыз санатта бағалайды.

Жұмыс жасаған екі аптаның ішінде қазылар алқасы әлемнің 124 мемлекетінен 5 666-дан астам автордың 103 мыңнан астам фотосуретін қарап шықты. 2014 жылдың ақпан айында Амстердамда конкурстың финалы 57-ші рет өткізілді.

Жыл сайын конкурс нәтижелері жарияланғаннан кейін жеңімпаздардың жұмыстарының көрмесі екі ай бойы Амстердамда көрсетіледі, сонан соң дүниежүзіне саяхатқа шығады.

Орташа алғанда жыл сайын бұл көрмені шамамен екі миллион адам тамашалайды. Биыл көрме алаңшалардың рекордтық санында – 45 мемлекетте 105 галерея мен музейлерде ұсынылатын болады.  Орталық Азияда көрме екінші рет – желтоқсан айында Астана мен Алматыда, қаңтар айында – Бішкекте өтеді.

Көрме Қазақстанға Нидерланд Корольдігі, Еуропалық одақ, Ұлыбритания және Канада Өкілдігінің дипломатиялық миссияларының қолдауымен әкелінді.     

Хабарламаларға жазылу