Шәкен Аймановтың 100 жылдық еске алу кеші өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шәкен Аймановтың 100 жылдық еске алу кеші өтеді

08.12.2014
Шәкен Аймановтың 100 жылдық еске алу кеші өтеді

8 желтоқсан күні Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қазақ өнерінің көрнекті  тұлғасы,  режиссер, актер, КСРО Халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Шәкен Аймановтың  туғанына 100 жыл толуына орай еске алу кеші өтеді.

Шәкен Кенжетайұлы Айманов – 1914 жылы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылында Айманбұлақ деген жерде дүниеге келген. Жастайынан жездесі Қали Байжановтың әндерін тыңдап, өнерге жақын болып өскен ол мектепте және Семейдегі педагогикалық техникумде оқыған жылдары көркемөнерпаздар үйірмесіне белсене қатысады. 1933 жылы Алматыға шақырылып, Қазақ Мемлекеттік  драма театрына  актерлік топқа қабылданып, қара шаңырақта 1953 жылға дейін өнер көрсетті.

Театрдағы алғашқы рөлі – К.Погодиннің «Менің досым» драмасындағы Граммофоновпен көрінген ол келесі жылы  М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» Есен рөлінде өзінің ерекше актерлік талантымен көзге түседі. Ал, 1934 жылы театрдың жолдамасымен Мәскеу, Ленинград қалаларының театрларын аралап, Остужев, Баталов, Симонов, т.б. атақты актерлердің өнерін тамашалап, актерлік шеберліктің сан қырын тануы – оның  шығармашылығына сапалық өзгеріс жасайды.

Оның режиссерлік өнерге деген ықыласы да осы кезден басталады. Театр репертуарының негізгі жүгін көтеріп, 100-ден аса рөл орындаған  Ш.Айманов қазақ  сахнасында романтикалық театр мектебін қалыптастырушы топтың көрнекті өкілі болды.

Ұлттық құнары мықты, шығармашылық аясы кең  актер табиғаты көшелі көптеген кейіпкерлерді көркем кескіндеді. Ол асқан шеберлікпен сомдаған - М.Әуезовтің  «Түнгі сарынында» Казанцев, «Қара қыпшақ Қобыландысында» Қобыланды, «Абайында» Керім, I.Жансүгіровтің «Исатай — Махамбетінде» Исатай, Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Қодар, «Ақан сері-Ақтоқтысында» Ақан сері, Ш.Құсайыновтың «Алдар Көсесінде» Алдар көсе, сондай-ақ, әлемдік классикадан Шекспирдің «Отеллосында» Кассио,  «Асауға – тұсауында»  Петруччио, Н.Гогольдің «Ревизорында» Хлестаков, А.Островскийдің «Таланттар мен табынушыларында» Тихон,  «Найзағайында» Великатов, М.Горькийдің «Шыңырау түбіндесінде» Сатин және т.б. кейіпкерлері қазақ  ұлттық сахнасының  үлкен табыстарына жатады.

Сахнада мықты әріптес бола білген, өзі әнші, өзі ұшқыр, сөз құдыретін сезініп-жеткізе білетін актердің, әсіресе, Ақан серісі мен Петруччиосы кейінгі ұрпаққа аңыз болып жетті.

Табиғи талантын үлкен ізденістермен ұштаған Ш.Айманов Мәскеу сапарынан оралған соң театр өнерінің теориялық мәселелеріне, режиссерлік өнерге ден қоя бастайды. 1945 жылы алғаш рет сахнада «Амангелді» (Ш.Құсайынов) спектаклін қойған ол  1947-1951 жж.  қара шаңырақ театрдың бас режиссері болды.

«Таланттар мен табынушылар», «Мылтықты адам» (Н.Погодин), «Шаншарлар» (Ш.Құсайынов, Қ.Қуанышбаев) және 1958 жылғы «Ақын трагедиясы» (Ғ.Мүсірепов), т.б. қойылымдары режиссердің реалистік-психологиялық  бағыттағы сәтті көркем ізденістерін танытты. Режиссердің  М.Әуезовтің  романы бойынша инсценировкасын Я.Штейнмен бірге өзі жасап (мұның өзі прозалық шығарманы сахнаға бейімдеудің тұңғыш тәжірибесі де еді) өзі сахналаған «Абай» спектаклі 1952 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Жалпы алғанда Ш.Аймановтың  театрдағы қандай жұмысы да ел мәдени өмірінің елеулі оқиғасына айналды, ал, ол қатысқан спектакльдер аншлагпен өтіп  отырды.

Ш.Айманов өмірі мен шығармашылығының екінші кезеңі ұлттық кино өнерімен тығыз байланысты болды. Кинодағы алғашқы еңбегі «Амангелді» (1938 ж.)  фильміндегі эпизод, ал, 38 жасында поэзия алыбы, ғасырмен құрдас  Жамбылдың рөліне бекітіліп, оны үлкен абыроймен орындап шықты. Фильм экранға шыққан 1953 жылы Ш.Айманов «Қазақфильм» киностудиясының көркемдік жетекшілігіне ауысып,  өмірінің соңына дейін қазақ кино өнерінің өркендеуіне зор үлес қосты.

Оның алғашқы фильмі «Махаббат туралы аңыз» (1953), сонымен қатар, «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968) және  көрермен күні бүгінге дейін сүйіп көретін «Біздің сүйікті дәрігер» (1958) мен «Тақиялы періште» (1969) фильмдері ұлттық кино өнерінің дамуын жаңа арнаға бұрды.

Фильмдерінде де ұлттық бояу мол және адамдардың тағдыры көрінетін, қазақ киноактерлік мектебін де қалыптастырған  режиссердің соңғы кинотуындысы «Атаманның ақыры» (1970)   шығармашылығының биік шыңы деу керек. Бұл - қай жағынан алғанда да әлемдік талапқа сай шыққан фильм болды. Кемеліне келген режиссердің келесі мақсатты жоспары «Абай жолы» романы бойынша фильм түсіру еді, үлкен өкінішке қарай,  1970 жылы Мәскеуде жол апатынан қайтыс болды.

Қазақ киносының кәсіби дамуында ерекше рөл атқарған режиссер киностудияны басқаруымен қатар Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының бірінші хатшысы қызметін атқарды. 1963 жылы Каир қаласында өткен Азия мен Африка елдері Халықаралық кинофестивалінің және Мәскеудегі ІІІ халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасы мүшесі болды. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына екі мәрте сайланды.

Көрнекті режиссер, актер, өнер көшбасшысы Ш.Аймановтың еңбегі лайықты бағаланып, ол ҚазКСР Халық әртісі (1947), КСРО Халық әртісі (1959) атақтары,  КСРО Мемлекеттік сыйлығы (1952), екі мәрте ҚазКСР Мемлекеттік  сыйлығы (1969, 1972)  берілді.         

Хабарламаларға жазылу