Бабаларымыздың туған жерге деген шексіз махаббаты туралы аңыз баршылық. Қазақ даласында өсетін жусанның иісін сағынып, алтын тағын тастап, туған жеріне тартып отырған Бейбарыс сұлтан да солардың бірі.
Мысыр жерін 250 жыл басқарған мәмлүктер тарихында даңқы жер жарған ұлы тұлға, араб елінің басын біріктіріп, үлкен жеңістерге жетелеген, күні бүгінге дейін халық аузында аңыз болып аты қалған, заты қыпшақ Аз-захир Рукн ад-Дин Байбарыс.
Қазақстанда ол туралы бірінші болып Аягөзде дүниеге келген тарихшы Құрбанғали Халид 1910 жылы Қазаннан шыққан «Тауарих Хамса» атты еңбегінде баян етті.
Мәмлүктердің арасынан суырылып шығу оңай емес еді. Дегенмен, ақылдылығы мен ержүректілігіне байланысты қызметтік өсу сатыларының бәрінен өте алған Бейбарыс, билікке келген соң, ең алдымен әскер ішінде темірдей тәртіп орнатты.
Көптеген қыпшақ текті әскербасыларға адал қызметі үшін Сирия мен Египеттен жер берді. Бейбарыс үлкен ұйымдастырушы болған тұлға. Оның билігі тұсында Мысыр бұрын болмаған дәрежеде өркендей бастады, суландыру жүйелері жөнделіп қалпына келтіріліп, егін шаруашылығы мықтап дамыды.
Ол Египеттің әл-Искандерия (Александрия), Дамиетта, әл-Каһира (Каир) секілді ірі орталықтарында сауданың кең етек жаюына барынша жағдай жасауға тырысты. Мұнда Венеция, Сицилия, Генуя, Үндістан, Орталық Азияның сауда керуендері мен кемелері тоқтап өтетін. Сол үшін олардан көп салық алынып тұрды.
Осылайша Бейбарыс елдің әл-ауқатын көтерді. Ол халық өмірімен етене танысу мақсатында қарапайым адамның киімін киіп алып, түнгі Каирді аралап жүретін болған. Күнәсіздерге қол ұшын созып, қылмыскерлерді қатты жазалайтын.
Бүгін Ұлттық арнадан сағат 19.30-да «Сұлтан Бейбарыс» телехикаясының 2-бөлімін тамашаңыз. Тарихи туындының өткен бөлімін Ұлттық арна мұрағатынан көре аласыздар.