Тимур Қожаоғлы Мағжанның 25 өлеңін ағылшын тіліне аударған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тимур Қожаоғлы Мағжанның 25 өлеңін ағылшын тіліне аударған

28.10.2014
Тимур Қожаоғлы Мағжанның 25 өлеңін ағылшын тіліне аударған

27-28 қазан күндері Астанада «Түркі әлемі: тұлғалар тағылымы» атты халықаралық ғылыми конференция өтуде. Осыған орай бүгін «Таңшолпанда» АҚШ Мичиган университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, түркітанушы ғалым Тимур Қожаоғлы қонақта болды.

«Менің бұл конференциядағы көтерген тақырыбым – «Шетелдердегі Түркістан идеясы» болды. Кеңес одағы құрылған кезде Түркістан идеясы, Түркістан автономиясы, Алашорда бар еді. Бірақ, Кеңес кезінде түрік сөздері шектелді. Сол себепті Мұстафа Шоқай сынды жолбасшылар шетел асты. Олар сол шетелде жүріп-ақ, Түркістан идеясын баспасөз арқылы, кітаптар арқылы жариялады.

Менің әкем Осман Қожа Бұқара Республикасының президенті болған еді. Ол кісі Мұстафа Шоқаймен жақын қарым-қатынаста болған. Кейін Мұстафа Шоқай, Осман Қожа және басқалар 1921 жылы Ташкентте «Түркістан мирлі бірлігі» атты жасырын ұйым құрады. Мұстафа Шоқай  1918 жылы шетелге кетсе, Осман Қожа 1922 жылы кетеді. Олар кейін Стамбулда табысып, «біз бұдан кейін Түркістан идеясын шетелде журналдар арқылы халыққа жеткіземіз», деп келіседі. 

Осман Қожа Стамбулда «Жанга Түркістан» деген журнал шығарса, Мұстафа Шоқай Парижде «Жас Түркістан» деген журнал шығарады. «Жас Түркістан» 10 жыл (1929-1939) бойы әр ай сайын шығып тұрады. Осы журналда Түркістан идеясы, Түркістанның Кеңес қоғамындағы жағдайы туралы жақсы ойлар жазылған»,-дейді ғалым.

Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін ағылшын тіліне аударып, жинақ кітап шығарған ғалым бұл турасында: «Мағжан Жұмабаев – XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің ең үлкен ақыны.  Тек қазақтың ғана емес, баршы түркі халықтарының арасында  лирика бағытында үздік туындыларды дүниеге әкелген ақын. Кеңес заманында лирикаға шектеу қойылды. 

Ол кезде Сталинге, Ленинге, коммунистік партияларға қатысты ғана өлеңдер жазу керек болды. Бірақ, Мағжан ақын Сталин туралы ешбір өлең жазған емес. Шетелдерде қазақ поэзиясын көп біле бермейді. Абайды білер, бірақ, Мағжанды естігендері шамалы.

Әйтсе де, жастардың қызығушылығы жоғары. Сосын мен Мағжан поэзиясын ағылшын тіліне аударуды мақсат қылдым. Ақынның 25 өлеңін аударып, жинақ етіп шығардым. Мен әрине, қазақшадан түпкі мағынасын жоғалтпайтындай етіп аударып бердім. Ал, америкалық ақын оны поэзия тіліне аударды»,-дейді.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу