Мемлекет басшысы Абайдың шығармаларын 10 тілге аударуды тапсырды

17.01.2020

Мемлекет басшысы Абайдың шығармаларын 10 тілге аударуды тапсырды. Олар ағылшын, араб, жапон, испан, италия, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдері. Ал, сол шығармаларды кім аударады? Саф дүниелер сапасыз тәржімаланып, бармақ тістеп қалмаймыз ба? Бұл мәселе қазір ғалымдарды алаңдатып отыр. 

Алаштанушы Сағымбай Жұмағұл Абай өлеңдерінің аудармаларын зерттеп жүр. Айтуынша, ақынның еңбектерін өзге тілде сөйлету өте қиын.

Ғалымның сөзінше, Абайдың орыс тіліне тәржімаланған алғашқы өлеңі 1889 жылы «Дала уәлаяты» газетіне басылған. Содан бері ақынның шығармалары әлемнің 60-қа жуық тілінде жер-жерге тарапты.

Аударма – әдебиеттегі ауыр жұмыстың бірі. Ал Абайдың ойын ойдағыдай жеткізу оңай емес. Бірақ тұңғиық тұлғаның түпкі ойын түйсініп аударғандар да бар.

Бірі-сәтсіз, бірі-сәтті, кейде дәмсіз, кейде тәтті аудармаларды көрген Абайтанушылар бұл жұмысқа барынша сақ қарау керектігін айтады. Ал жобаға жауапты Мәдениет және спорт министрлігі осыған дейінгі олқылықтардың орнын толтыру үшін биыл жүйелі, сапалы тәржіма жасалып жатқанын айтты.

Министрлік өкілі аудармашылардың мақтауын келтіргенімен, аттарын құпия қалдырды. Ал ақын Дәулеткерей Кәпұлы Абайдың поэтикалық қуатын жеткізуге шамасы жететіндер аз екенін айтты. Өйткені өзі де Абайдың 100 өлеңін испан тіліне аудартуға кіріскен. Ол үшін атақты испан ақыны Хусте Хорхе Падронға ұсыныс жасаған. Себебі Хорхе Падрон қазақ ақындарының антологиясын аударған адам.

Абай шығармаларын 10 тілге аудару жұмысына бюджеттен 551 миллион теңге бөлінбек. Оған аудармашылардың қаламақысы мен Абайдың 10 тілдегі еңбектерін жеке-жеке 3 мың данамен шығару жоспарланып отыр.

Аманкелді СЕЙІТХАН

Хабарламаларға жазылу