Биыл Шәкен Аймановтың туғанына – 100 жыл. Аты аңызға айналған суреткер өнерде ұмытылмас дүниелер жасап кетті. Режиссерлық қызметінде халықтың ұлттық болмысын жан-жақты ашатын көркем туындылар түсірді. Дарынды актер, шебер режиссер қазақ киносының атасы ретінде тарихта қалды.
«Қазақ киносының алғашқы қалыптасу жылдарындағы үлкен жауапкершілікті көшбасшы ретінде Шәкен Айманов шын мәнінде көтере білді. Өйткені, алғашқы жылдары оңай болмады. Кеңес үкіметінің қазақ киносына идеологиялық талаптар қойған қиын кезеңдерде Шәкен Аймановтың фильмдерін қарап отырсаңыз, қазаққа жақын, ұлттық рухта тәрбиелеуде үлкен рөл атқаратын фильмдерін өзінше бір идеологияға жұмыс істете білді»,-дейді Гүлзат Көбек кинотанушы.
Шәкен Аймановқа арналған орталық мұражай көрмесінде оның жеке заттары, фотосуреттері, құжаттары, марапаттары мен сыйлықтары бар.
«Аға буын ұрпақ ол кісінің киносымен сусындап өсті. Ал, кейінгі ұрпақ Шәкен Аймановты біледі ме, Шәкен Айманов дегенде олардың есіне не түседі? Осы сұрақтарды негізге ала отырып, біз көрме жасауды ұйғардық. Бұл көрме, ол кісінің балалық шағынан басталады»,-дейді мұражайдың бас қор сақтаушысы Үміт Әлиакпарқызы.
Шәкен Аймановтың мұражайындағы ерекше дүниелермен «Таңшолпаннан» таныса аласыздар.