Алматыда зиялы қауым өкілдері дауыс берді
Ғалым да, жазушы да, композитор мен әнші де референдум учаскесіне барып, дауыс берді. Тіпті, жасы ғасырға жуық таяп қалған Халық әртісі Бибігүл Төлегенова да өз таңдауын жасады. Барлығының тілегі бір. Ол ел болашағы үшін саналы шешім қабылдау.
Бүгін алғашқылардың бірі болып өз таңдауын қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова жасады. Жезтаңдай әншінің үйіне № 559 референдум учаскесінің комиссия мүшелері көшпелі дауыс беру жәшігін арнайы алып барды. Саяси науқанға қатысқан қазақ сахнасының аңыз тұлғасына құрмет көрсетті. Тоқсанның торқасына шыққан өнер майталманы өз таңдауын жасап, тілегін жеткізді.
Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның Халық әртісі:
Әр адам жақсылықты тілейді. Сондықтан, бүгінгі референдум елге жақсылық көп әкеледі деп ойлаймын. Сондықтан мен өзімнің таңдауымды жасадым. Жақсылық болсын, еліміз аман, тыныштық болсын.
Ал сексеннің сеңгіріне шыққан, ұлттық құндылықтарды үнемі дәріптеп, салт-дәстүрді кеңінен насихаттап жүрген белгілі жазушы, қоғам қайраткері Зейнеп Ахметова № 359 референдум учаскесіне келіп, дауыс берді. Үнемі саяси науқанға белсене қатысатын қаламгер жаңа өзгеріс – ел бірлігінің тірегі, әділетті қоғамның негізі, дейді.
Зейнеп Ахметова, жазушы:
Бүгін халқымыз үшін айтулы күн ғой. Қандай болғанда да осы қазақ халқының игілігіне жұмсалса екен деп тілейміз. Міне, сол үшін көңіл - күйімізді білдіріп дауыс беруге келіп тұрмыз.
Саяси науқаннан шет қалмаған тағы бір зиялы қауым өкілі - қазақ ғылымының көрнекті өкілі, академик Асқар Жұмаділдаев. Ғалым бүгінгі тарихи күн- жеке таңдау емес, елдің бірлігі мен тұрақтылығына деген сенімін білдіретін маңызды сәт екенін айтады.
Асқар Жұмаділдаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор:
Референдум деген халықтың пікірін білу дегеннің ең жоғарғы шыңы. Өйткені, халықтың бәрі тікелей дауыс береді. Ешқандай делдалсыз. Сондықтан оның маңызы өте жоғары.
Референдум учаскесінде қазақ өнерінің майталмандарын да кездестірдік. Қаладағы № 377 учаскесінде Қазақстанның Халық әртісі, көрнекті композитор Алтынбек Қоразбаев пен еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, танымал әнші Толқын Забирова да азаматтық борышын орындап, дауыс берді.
Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның Халық әртісі:
Референдумға дауыс беруге келіп отырмын. Менің көптеген шәкірттерім, әріптестерім барлығы да бір атаның баласындай жұмылып бүгін бәрі дауыс беріп жатыр.
Толқын Забирова, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:
Әр мемлекеттің басты құндылығы ол адам. Адамның өмірі, оның әл ауқаты оның құқығы мен бостандығы деп білемін. Сондықтан да бүгінгі күн ол әр Қазақстан азаматы үшін сондай бір жауапты күн.
Иә, жауапты күні азаматтық ұстанымын танытқан тұлғалар біршама болды. Барлығы да рефендум учаскесінде дауыс беру тәртіпке сай өтті, келген халықты көріп көңіліміз көншіді, - дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы