«Референдум – 2026» онлайн марафоны өз мәресіне жетті
«Референдум – 2026» онлайн-марафоны жаңа идеялар мен технологиялық бастамаларды таныстырған бірегей алаң. Ауқымды іс-шара барысында инновациялық тың жобалар мен стартаптар көпшілік назарына ұсынылды. Одан бөлек,қоғам қайраткерлері, өнертапқыштар, кәсіпкерлер мен спортшылар түрлі тақырып төңірегінде ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
16 сағаттық тікелей эфир күмбірлеген күймен басталды. «Алтын домбыра» ұлттық мектебінің 100 оқушысы Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындап, жиналғандардың делебесін қоздырды. Ұлттық аспаптың үні көпшіліктің рухын оятқаны анық.
Сондай-ақ іс-шараның басты ерекшелігі робот-гуманоид жүргізуші. Темірбек атты құлтемір онлайн-марафонды тізгіндеді. Бұл - елдің инновациялық жетістіктерінің жарқын көрінісінің бірі.
Ал ел есінде қалған ерекше стартап жоба шахтадағы қауіпсіздікті қадағалайтын арнайы білезік. Жердің терең қойнауында еңбек ететін кеншілердің жұмысы ерлікпен пара-пар. Себебі көзге көрінбейтін, иіссіз метан газы кейде кенеттен көбейіп, үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Осы мәселені шешу үшін оқушылар метан мөлшері 1%-ға жеткен сәтте бірден сигнал беретін арнайы білезік ойлап тапқан екен.
Сағыныш Қазиева, стартапер:
Бұл білезік қоршаған ортадағы метанның концентрациясын өлшейді. Яғни, шахтада қандай да бір металлдың констрациясы өссе, шахтерлар бірден эвакуация жасап, сол жерден кете алады. Жазғы уақытта біз «Қазақмыс» жұмыскерлерімен арнайы олардың шахталарында осы браслетті тексеріп көреміз.
Онлайн-марафон ел өміріндегі маңызды саяси оқиғаның барысын жан-жақты қамтып, референдум күнінің негізгі сәттері, қоғам пікірі мен сарапшылардың көзқарасы көрерменге жедел ұсынды. Сондай-ақ өңірлердегі дауыс беру барысынан хабар тарату үшін аймақтардағы тіпті шетелдегі тілшілермен байланыс орнатылды.
Марат Бәшімов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Телемарафон өте маңызды. Өйткені сол арқылы рефрендум қалай өтіп жатқанын бәрі біліп жатыр. Ата заң деген ол ең жоғары акт болғаннан кейін, мына телемарафон арқылы халық та танысып жатыр. Референдум мынау қарап отырсаңыздар белсенді өтіп жатқанының өзі маңызды. Өйткені осылай отбасыларымен келіп өздерінің дауыстарын бергендері ол құқықтық сана сезім көтеріліп кеткен деп нақты түрде айтып кету керек.
Бастысы бұл көктем лебін сездірген шара. Мұнда ұлттық құндылықтар ұлықталып, әуелеген ән де шырқалды.
Иә, қазақ онсыз да Наурыз айын мерекемен қарсы алады үнемі. Бұл ай жалпы күнтізбеде қызылмен белгіленген күндерге толы. Енді сол маңызды даталардың тізбегі тағы да толығып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы