Ташкентте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері бас прокурорларының отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ташкентте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері бас прокурорларының отырысы өтті

08.10.2014
Ташкентте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттері бас прокурорларының отырысы өтті

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше-мемлекеттер бас прокурорларының 12-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды ortсom.kz.

Форум жұмысына ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер – Қазақстан, Қытай, Қырғыз Республикасы, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның жоғары қадағалаушы органдарының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ-ның Бас хатшысы және ШЫҰ Өңірлік антитеррорлық құрылымы (ӨАТҚ) атқарушы комитетінің директоры, сондай-ақ бақылаушы-мемлекеттер – Үндістан, Иран және Моңғолия елдерінің өкілдері қатысты.

Жиында табиғатты қорғау бойынша заңнаманың орындалуы, кәсіпкерлердің, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, сонымен қатар, заңсыз жолмен алынған табыстарды анықтау, тәркілеу және қайтару мәселелері талқыланды.

Асхат Дауылбаев жиынға қатысушыларды Қазақстандағы трансшекаралық су объектілерін пайдалану, әкімшілік кедергілерді азайту және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған табыс пен мүлікті заңдастыруға қарсы тұру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Отырыстың қорытындысы бойынша, хаттама қабылданып, қадағалаушы мекеме басшылары трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен күресте ортақ күштерді жұмылдыру, аталмыш бағытта үйлестірілген саясат жүргізуге дайын екенін білдірді.

Хабарламаларға жазылу