Алматы облысының әкімі Талдықорған әуе базасының Су-27 ұшағында қаза тапқан ұшқыштардың отбасыларына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов №21751 Әскери бөлімінің қаза болған командирі Ерлан Науановтың отбасына барды. Ол ұшқыштың жары Мағрипа Сарқытоваға көңіл айтты. Өз сөзінде өңір басшысы ҚР Әскер әуе күштері кәсіби шебер ұшқыштарынан айрылып, орны толмас қазаға ұшырағанын атап өтті.
Әкімнің айтуынша, жергілікті билік тарапынан қаза болған ұшқыштардың отбасыларына материалдық көмек ретінде 2 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінеді. «Облыстық мәслихаттың шешімімен жыл соңына дейін қаза тапқан ұшқыштардың отбасыларына пәтер сатып алу үшін қаржы бөлінеді», - деді А.Баталов.
Осыдан кейін облыс әкімі Денис Горбуновтың артында қалған әйелі Любовь Горбуноваға барып, көңіл айтты.
Ерлан Науановтың кәмелеттік жасқа толмаған төрт баласы қалды, ал Денис Горбуновтың екі ұлы бар.
Фото: kazpravda.kz