22 қыркүйек тілдер мерекесіне орай «Таңшолпанда» ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Татьяна Бурмистрова қонақта болды.
«Тіл дегеніміз – жеке адамның емес, жалпы ұлттың жаны, рухы. Жақында мен Ыстықкөлге бардым. Онда көшпенділер фестивалі болып жатты. Содан менен келіп сұхбат алды. Сұхбат барысында қырғыз тіліндегі әннің үзіндісін айтып өттім. Сол үшін керемет сұхбат бергендей болдым. Өйткені, сол елдің тілінде бір ауыз сөз айтсам, адам тұрмақ, жалпы табиғаты сүйіспеншілік білдіреді екен. Қанша тіл білсең, ол сенің мерейің. Ал өз тіліңді білгенің, ол екі есе абырой», - дейді әнші.
«Қазір соңымнан ерген шәкіртім жоқ. Бірақ, жақында мектеп ашсам деген жоспар бар. Қазір дәстүрлі әнге бетбұрыс жақсы. Жастардың орындаушылық мәнері де маған ұнайды. Кейде концертті ұйымдастырушылардың көбінің қазақшылығы төмен бе деп қаламын. Содан кейін де біздің домбырамыз көбінде қосылмай кетеді. Бірақ, түбінде бұл жағдай да түзелер, деп сенемін», дейді Татьяна Бурмистрова.
Әншінің негізгі мамандығы дәрігер екенін бірі білсе, бірі білмейді. Бұл турасында ол: «Әбдіразақов Өтетілеу деген ағам бар еді. Қазір өмірден өтіп кетті. Сол кісі бірде, «қарағым, біздің тәнімізді емдейтін дәрігер көп. Сен біздің жанымызды емде. Себебі, жақсы ән адамның көңілін семіртеді. Ал көңілің жақсы болса, ауруды да ұмытып кетеді екенсің. Сондықтан, сен дәрігерлігіңнен гөрі, домбыраңды алып жүрші», деп. Сол кісінің аманаты деуге де болар. Бір жағынан халықтан «айналайын, домбыраңды тастамашы», дегенді көп естігеннен кейін өнерге бет бұрдым», дейді.
Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.