Жастар театры XXII театр маусымының жеңімпазы атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар театры XXII театр маусымының жеңімпазы атанды

16.09.2014
Жастар театры XXII театр маусымының жеңімпазы атанды

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетіліп жатқан «Қара шаңырақ» отандық телетуындысында басты рөлдерді сомдаған Әділ Ахметов пен Дәурен Серғазин бүгін «Таңшолпанда» қонақта болды. 

XXII театр маусымы Қызылордада өтті. Сол фестивальдің Гран-при жүлдесін биыл Жастар театры жеңіп алды.  Айта кету керек, театр ұжымы гран-приді осымен үшінші рет иеленіп отыр.

«Біз байқауға Шекспирдің «Асауға тұсау» туындысын алып барған едік. Себебі, бұл соңғы шыққан спектакльдердің бірі.  «Асауға тұсау» алғаш рет осындай додаға қатысып отыр. Айта кету керек, бұл туындыға біздің ұжымның барлығы қатысты. Кіші буыннан үлкен буынға дейін. Режиссері – Нұрқанат Жақыпбай»,-дейді актерлер.

Биылғы маусымды театр Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббат» атты  пьесасымен ашпақ ниетте. Режиссері – Дәурен Серғазин.

Ал «Қара шаңырақ» телехикасындағы рөлдері турасында Әділ Ахметов: «Мен балалардың жаттықтырушысымын. Бокс бапкерімін. Сол жағын игеру үшін Астанадағы Оқушылар сарайында Ержан Көпжасаров деген азаматтың жаттығуларына қатыстым.

Балалармен қалай қарым-қатынас жасайды, балалардың психологиясы қандай, бапкердің жаттығу барысындағы сөз саптауы қандай деген сияқты өзіме таңсық жақтарын өзімше зерттедім», дейді Әділ Ахметов.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу