Қазақстан Елтаңбасының жаңа стандарты шығады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Елтаңбасының жаңа стандарты шығады

09.09.2014
Қазақстан Елтаңбасының жаңа стандарты шығады

2015 жылдың 1 маусымнан бастап ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының жаңа стандарты күшіне енеді. Бұл туралы Астана әкімдігі жанындағы Мемлекеттік рәміздер комиссиясының отырысында Қазақстан стандарттау институты директорының орынбасары Нұртас Өтешев мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Стандартқа өзгеріс биыл жазда енгізілді. Ол 2015 жылғы маусым айынан бастап күшіне енеді. Бұл мерзім ішінде өндірушілер өз өндірістерін өзгертіп, жаңғыртып үлгереді», - деді ол.

Оның айтуынша, Елтаңбаның түсі, көлемі және кей тұсы өзгертілетін болады.

«Жылдар өте келе кез келген өнім өзгереді, ескіреді. Елтаңба да сондай өзгерісті қажет етуде. Тиісінше, Мемлекеттік рәміздерді өндірушілерге шығарылып қойылған Елтаңбаға 3 жыл мерзімге кепілдік беру талабын енгізу ұсынылды», - деп түсіндірді Н.Өтешов.

Қазақстанда 40-қа жуық Мемлекеттік рәміздерді өндірушілер бар. Ол сонымен бірге Елтаңбаның ескі үлгісі 2017 жылғы жазға дейін ауыстырылатынын жеткізді.

Фото: voxpopuli.kz

Хабарламаларға жазылу