ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ирандық компанияларды Астанада өтетін халықаралық EXPO-2017 көрмесіне қатысуға шақырды.
Бұл туралы бүгін Елбасы Ақордада Иран Ислам Республикасының президенті Хасан Руханидың қатысуымен өткен бірлескен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
«Қазақстанның халықаралық бастамаларын ирандық тараптың қолдауы маңызды. Біз 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақсыз мүшесі болғымыз келеді және Иранның қолдауына алғысымызды білдіреміз. Мен Иран тарапын Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне қатысуға шақырдым», - деді Елбасы.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан мен Иран жоғары деңгейдегі бірқатар шараға қатысуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Сөз соңында Елбасы Хасан Руханидың сапары мен келіссөздер қорытындысы бойынша қол қойылған құжаттар екі елдің қарым-қатынастарын жаңа деңгейге шығаруға серпін беретінін атап өтті.
ҚазАқпарат