
Әр қоғамның ұрпақ «тәрбиелеушісіне» айналған, әлі де тәрбиелей беретін «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс» секілді фильмдерді білмейтін қазақ көрермендері жоқ шығар.
Ал ел есінде мәңгі сақталған бұл классикалық туындыларды жарыққа шығарып, қазақ киносына өзіндік үлес қосқан кинорежиссёр Абдолла Қарсақбаев болатын.
Абдолла Қарсақбаев – 1926 жылы 2-ші қазанда қарапайым отбасында он алтыншы перзент болып дүниеге келді. Ересек бауырлары соғыстан қайтпады, кішілері аурудан шетінеді. Он алты баладан Абдолла және оның тетелес бауыры ғана аман қалады.
Оқу іздеп Алматыға келді. Бұл кезде онда Біріккен студиялар орталығы (ЦОКС) жанынан актерлер даярлайтын курстың ашылған тұсы еді. Соғыс ауыртпалығына қарамастан, «Мосфильм», «Ленфильм» студиялары фильмдер өндірісін үзбей, жергілікті жастарды да киностудия жұмысына араластыра бастаған. Осындай қилы-қилы оқиғалардың ортасында шыңдалған Абдолла Қарсақбаев Мәскеудегі Кинематографистер институтына жолдама алды.
Алғаш балалар тақырыбына ден қойған қазақ режиссерлерінің қатарында Абдолла Қарсақбаевты ерекше атап өтуге болады. 1967 жылы «Менің атым Қожа» Франциядағы Канн фестивалінің арнайы жүлдесін жеңіп алды. «Алпамыс мектепке барады» фильмі 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық фестивальде бас жүлдеге ие болды. Осы кезден бастап режиссер балалар тақырыбына терең бет бұрды.
Оның негізгі мақсаты — еркін ойлай білетін жас ұрпақты тәриелеу еді. Әр фильмінде Абдолла Қарсақбаев бүлдіршіндерді рөлге өте орынды таңдай білді. Өзінен кейінгі жастарға ұлағатымен, тәлімімен өнеге болды. Сондықтан да, жастардың ең жақын жанашырына айналды. Жылы жүзді, мейірімді, кеңпейіл режиссерге әсіресе, жастар жағы үйірсектеу болды.
Режиссер де оларға әрдайым ақыл-кеңесін айтып, жөн сілтеп, жол көрсетіп отыратын. Жаңа келген жас талапкерге кино өнерінің қыр-сырын жете ұғындырып, шеберлік мәселелерін талқылап, үйретуден жалықпайтын. Ұлылық бар жерде кішілік те бар. Режиссер жастардың бет алысына, жаңа лепке қуанатын, қызығатын.
«Біріншіден, мен тек балалар туралы фильм түсіргем жоқ, үлкендерге де арналған бірнеше картина түсіргенмін. Дегенмен, жұмыстарымның басым көпшілігі балаларға арналған. Сол себепті де мені балалар өздеріне толық еншілеп алса керек. Оған мен қуанбасам, ренжімеймін. Өйткені, мен балалық шағымды сағынамын. Бүгінгі ұрпақпен жұмыс істеуге соншалықты құштармын», - деген екен Абдолла Қарсақбаев өзінің бір сұхбатында.
1947 – 1983 жылы «Қазақфильм» студиясында режиссеры болып «Ана мен бала» (1955), «Егер біздің бәріміз де...» (1961, екеуін де реж. С.Қожықовпен бірге), «Қанатты сыйлық» (1956, А.Слободник және Э.И. Файкпен бірге), «Ботагөз» (1957, Е.Е. Аронмен бірге) атты көркем фильмдерді қоюға қатысты.
Тарихи тақырыпқа «Қилы кезең» (1968), «Даладағы қуғын» (1979, КСРО ХШЖК-нің күміс медалі) секілді фильмдерді, «Менің атым Қожа» (1963, Т.Дүйсенбаевпен бірге, 1964 жылы өткен Орталық Азия мен Қазақстан кинематографияшыларының байқауының және 1967 жылы Канн қаласында өткізген халықаралық кинофестивальдың дипломына ие болды).
«Балалық шаққа саяхат» (1969), «Менің ағам» (1972), «Қатарыңнан қалма» (1974, телефильм); «Оу, ковбойлар» (1975), «Алты жасар Алпамыс» (1976; 1977 жылы Ригада өткен Бүкілодақтық 10 кинофестивальдің жүлдегері), «Балалық шақтың кермек дәмі» (1982) көркем фильмдерін, сонымен қатар «Қазақ халқының қолөнері» (1958), «Торғай шегі» (1963), «Черкасск қорғаны» (1970), «Ақтөбе» (1972), т.б. деректі фильмдерін қойған.
1978 жылы Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағын алды.
