Басты Жаңалықтар Ұлттың үнбайрағы «Shalqar» радиосына – 60 жыл

Ұлттың үнбайрағы «Shalqar» радиосына – 60 жыл

«Ұлттың үнбайрағы». Тарихы бай, тамыры терең «Шалқар» радиосының 60 жылдығына жаңа кітап жарыққа шықты. Тың туынды радио шежіресінің сырлы беттерін қайта парақтауға мүмкіндік береді. Мерейтойға орай қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Салтанатты шарада радионың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлер марапатталды.
Ұлттың үнжариясы болған, әуе толқынында танымды, терең ақпарды тарата білген «Шалқар» радиосы бүгінде қара шаңыраққа айналды. 1966 жылы қаңтардың 1-інде дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаев ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасын ресми хабарлады. Әу баста жеке радиотолқында тәулігіне 2 сағат қана эфирге шықты.
Бүркіт Бекмағанбетов, ардагер диктор, журналист:

Тәулік бойы жұмыс істеген кезіміз болды. Ол кезде қазір диктор деген қызмет жоқ, мен диктор болдым. Шалқарымыз шалқи берсін! Әуе толқынында қалқи берсін!
«Шалқар» бағдарламасы алғаш құрылған күннен бастап-ақ ұлттық өнер мен әдебиеттің мәйегін сақтап, халықтық мұраны, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды басты мұрат тұтты. Уақыт озса да, бұл игі жолынан таймай, асыл парызын абыроймен атқарып келеді.
Руслана Құдайбергенова, радио ардагері:
Шалқар»-ға бүгін 60 жыл толып тұрса, мен соның 59 жылының куәгерімін. Сондықтан мен үшін бұл – ерекше күн. «Шалқар» радиосы – халықтың радиосы, қазақтың радиосы.
 Ұлт үнін үздіксіз асқақтатқан қасиетті қара шаңырақтың мерейтойына орай қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Сондай-ақ «Шалқар» радиосының шежіресін, бүгінгі дамуын баяндайтын «Ұлттың үнбайрағы» кітабы таныстырылды. Салтанатты шараға қатысқан Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізді. Ал радионың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан ардагерлер мен қызметкерлерге Мемлекет басшысының «Алғыс хаты» мен «Құрмет грамоталары» табысталды.

Бөлісу